Астанада ЖКО-дан зардап шеккен оқушы ауруханадан шығарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Lexus» маркалы көлік жасаған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен 14 жасар бала алдағы жұма күні ауруханадан шығады. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарланды.

Айта кетейік, жол-көлік оқиғасынан жарақат алған балаға ота жасалып, бүйрегі мен көкбауыры алынып тасталды.

«Шамамен, науқасты осы аптаның соңына қарай, яғни жұма күні ауруханадан шығарамыз. Қазіргі кезде ол ем қабылдауда, жағдайы тұрақты. Барлық қажетті ем-дом жасалып жатыр, дәрігерлер баланың емделуі үшін  қолдан келгеннің барлығын істеп жатыр», - деп хабарлады «ҚазАқпаратқа»  баспасөз қызметінің өкілі.

Басқарма мәліметінше, қазіргі кезде баланың жанында анасы бар, сондай-ақ күніне екі мәрте оған жақындары келіп тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қыркүйекте Иманов пен Асан Қайғы көшелерінің қиылысында жол апатынан төрт бала зардап шеккен болатын.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Асан Қайғы көшесімен келе жатқан «Lexus» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі Иманов көшесінің қиылысында «Мерседес» көлігіне жол берместен өтуге ұмтылып, соқтығысқан болатын.

Көлік соқтығысынан «Lexus» жүргізушісі рульді бұрып, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерді басып, жол бойында тұрған «Лада» көлігін де түйіп өткен. Бұдан соң, «Lexus» көлігі соққының қаттылығынан «ZAZ» маркалы көлігіне қарай аударылып, ол болса серпінмен тағы бір «Митцубиси» маркалы көлікті соққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші төрт бала зардап шекті. Атап айтқанда, 2002 жылы, 2005 және 2007 жылы туған төрт бала әртүрлі дене жарақатымен ауруханаларға жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар