Астанада «жазғы» доңғалақпен жүрген жүргізушінің кесірінен 4 көлік соқтығысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана ІІД ауа райының күрт төмендеп көктайғақ болуына байланысты, жолда барынша мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Полицейлер жол белгілеріне қатысты барлық талаптар мен қажетті арақашықты сақтауда жүргізушілерді мұқият болуын ескертеді. Оның үстіне, қазіргідей ауа райында жазғы доңғалақпен жүру мүмкін емес. 

18 қараша күні Тойота автокөлігінің жүргізушісі жазғы доңғалағын қысқы «шинаға» ауыстырмағандықтан, Қорғалжын тас жолында ірі ЖКО жасады. ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші ауа райын ескерместен жолда рульді басқара алмай, бүйірге келіп соқтығысқан. Бұдан кейін көлік қарама қарсы бетте келе жатқан көлікке соқтығысып, өзге де көліктердің соқтығысуына алып келген. Нәтижесінде 4 көлік зардап шегіп, 6 адамға медициналық көмек көрсетілді.

Қазгидрометтің мәліметінше, сенбі күні Астанада қар жауып, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел 9-14 м/с жылдамдықпен солтүстік-батысқа қарай ығысады. Түнде температура 0...-2 С, күндіз 0 С жуық болады. Жексенбі күн бұлтты, жауын жаумайды. Батыстан соққан жел 9-14 м/с оңтүстік-батысқа қарай ауытқиды. Ауа температурасы түнде -3...-5 С, күндіз 0...-2 градусты көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар