Астанада жас ақындар айтысы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күніне арналған жас ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен ертең, 22 қарашада «Жастар» сарайында «Тәуелсіздігім - теңдігім, Егемендігім - елдігім» атты жас ақындар айтысы өтетін болады. Оған еліміздің Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірінен 9 айтыскер ақын қатысады деп күтілуде.

Айтыс барысында ақындар «Тәуелсіздігім - тұғырым»; «Алашым - ардағым»; «Рухани жаңғыру - мұратым»; «Туған жер - тұрағым»; «Тілім - тұмарым» тақырыптары бойынша сөз жарыстыратын болады. 

«Айтысты өткізудің мақсаты ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау; ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау; «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету; өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау; қазақтың төл өнері, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту болып табылады», - деп жазылған таратылған хабарламада.

Айтыстың қорытындылары бойынша жеңімпаздар Астана қаласы әкімінің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Соңғы жаңалықтар