Астанада жанармай бағасы қалай түзілетіні түсіндірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы мұнай өнімдерінің құны Орталық Азия елдерімен салыстырғанда 30-40 пайызға арзан. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС Бас директорының операциялық басқару бойынша орынбасары Нұркен Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық Азия елдеріндегі жанар-жағармай құнына шолу жасар болсақ, ең арзан мұнай өнімдерінің Қазақстанда екенін байқауға болады. Мәселен, Аи92 жанармайының бір литрі Ресейде 36,54 рубль немесе 199,39 теңге, дизельді отын  209,05 теңге. Өзбекстанда Аи92 - 228 теңге, дизельді отын - 250 теңге. Қырғызстанда Аи92 - 182 теңге, дизельді отын - 169 теңге. Тәжікстанда Аи92   -228 теңге, дизельді отын - 222 теңге. Қазақстанда Аи92 143 теңге болса, дизельді отын - 130 теңге. Салыстырып қарар болсақ, біздегі жанар-жағармай құны көршілерге қарағанда 30-40 пайызға арзан», - деді Н.Мырзағалиев.

Ал ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұның себебін де түсіндіріп берді: «Біз мұнай өнімін Ресейден қосымша құн салығынсыз сатып аламыз. Және мұнда ҚР Ұлттық экономика министрлігі жүргізетін салық саясаты да ерекше рөлге ие», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС өкілі Нұркен Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» жанармай бекеттеріндегі бағаның қалай түзілетінін айтып берді. Оның айтуынша, жанармай құнының 83 пайызын сатып алу бағасы құрайды, жеткізу құны, тасымалдау 5 пайыз, жанармай бекеттерін ұстау, сақтау қызметі  11 пайыз болса, таза пайда 1 ғана пайызды құрайды.

«Баға ең бірінші кезекте көтерме жеткізулерге тікелей байланысты. Сәйкесінше, мұнай барлау компанияларынан алған өнім жеткіліксіз болғандықтан, 25-30% мұнайды Ресей Федерациясынан импорттауға мәжбүрміз. Сол себепті біздегі бағалар Ресей нарығындағы бағамен тікелей байланысты», -  деп ол жанармай бағасының қымбаттау себебін де түсіндіріп берді:

«Жыл басынан бері шамамен 35 мың тонна Аи92 жанармайын импорттадық және айына 10-20 мың тонна импорттауды жалғастырып келеміз. Қазір қорда шамамен 40 мың тонна жанармай қалды. Бұл сәуір айында нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті», - деп толықтырды Н.Мырзағалиев.

Еске сала кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді бағасы жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг өтті. Онда биылғы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін 375 мың тонна арзандатылған дизель отынының жеткізілетіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар