Астанада зейнеткерлерді тонап келген ұры әйелдер ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада егде жастағы адамдардың қалтасына қол сұғып жүр деп айыпталған екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар Павлодар облысынан келген 19 жастағы қыз бен 58 жастағы әйел болып шықты.

«Күдіктілердің елорда аумағындағы бірнеше ұрлық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Олар негізінен егде жастағы адамдарды Қазпошта бөлімшелерінің, банкоматтардың маңында, үйлердің кіреберісі мен лифтіде аңдып жүріп, тонаған. Бұл екеуі ұйымдаса әрекет еткен: бірі ештеңеден күмәнданбайтын қарияларды түрлі сұрақтармен алаңдатып, екіншісі бұл кезде олардың қалтасына қол салатын болған. Сауда орталықтарында да адамдардың бейқамдығын пайдаланып, ақша толы әмияндарын, телефондарын, басқа да құнды бұйымдарын ұрлаған», - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде күдіктілер тергеу изоляторына жіберілді. ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүріп жатыр. Олардың қала аумағындағы басқа да осы тақылеттес қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Астана ішкі істер департаменті осы тұлғалардың әрекетінен жәбір көргендерден Бейбітшілік көшесі, 19-үйде орналасқан ІІД-ге хабарласуын немесе 8(7172)71-61-71, 87751888870 нөмірлеріне қоңырау шалуын сұрайды.

Еске сала кетейік, кеше Рудныйда қарт зейнеткерлерді тонауды әдетке айналдырған жігіттің ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар