Астанада заңсыз мигранттарға 1,8 млн теңгеге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық полицейлер 18-20 қыркүйек күндері аралығында көші-қон саласындағы заңнама бұзушылықтарын анықтауға бағытталған «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорданың медиа орталығына сілтеме жасап.

Шетел азаматтары заңсыз орналасуы мүмкін орындар, құрылыс нысандары, адамдар көп шоғырланатын жерлер, әсіресе базарлар мен вокзал маңы аумағы, өнеркәсіп аймақтары тексерілді.

Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Еркетай Туткушевтің деректері бойынша, атқарылған жұмыстар нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 449 фактісі анықталды.

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен елден 52 адам, оның ішінде азаматтық сот өндірісінің тәртібінде 1 адам  шығарылды.

249 шетел азаматына ел аумағында болу мерзімдері қысқартылды. Қаланың қабылдап-тарату орнына ТМД-ның 90 азаматы жеткізілді. Іздеуде болған бір қылмыскер ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 393-бабы бойынша елден аластату туралы сот шешімін орындамауға қатысты 13 қылмыстық іс тіркелген. ІІБ есебіне 369 адам қойылды. 

«Рейд кезінде барлығы 1,8 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, олардың ішінде шамамен 1,3 млн. теңгесі өндіріліп алынды», - деп мәлімдеді Еркетай Туткушев.

 

Соңғы жаңалықтар