Астанада Түркия күндері өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Астана координаторлығы бірлесіп елордада 26 қазанда «Қазақстан - Түркия достық әуендері» атты концерт ұйымдастырады. Бұл туралы TWESCO сайты хабарлады.

Бұл концерттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Астанадағы Түркия күндері» аясында ұйымдастырылып отыр. 

Түрік өнерпаздары Қазақстан егемендігінің жиырма бес жылдық тойына құттықтау тілектерін айтып, өз өнерін тарту етпек. Мерекелік кеште Түркияның танымал әншілері Чидем Гюрдал, Джем Гюрдал, Мұстафа Эке және Түркі әлемі музыкалық ансамблі бауырлас елдің мәдениетін, тұнық туындыларын паш етеді. Думанды кеште Қазақстан өнерпаздары да өнер көрсетеді. Олар Димаш Құдайбергенов, Гүлнұр Оразымбетова, Кәмшат Жолдыбаева, Шахаризат Сейдахмет, Ханзада тобы және қобызшы Ақерке Тәжібаева.

Сондай-ақ, концерт барысында әр қонаққа лотерея таратылып, ойнатылады. Яғни, Түркияға тегін жолдаманы әрбір көрермен ұтып алу мүмкіндігіне ие.

Айта кету керек, Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып таныған тату көрші, табысты әріптес. Барлық салада байланысы берік бауыр ел. 

 

Соңғы жаңалықтар