Астанада туберкулезге шалдығу төмендеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 2016 жылдан бастап туберкулезді жаңа дәрілермен емдеудің қысқа мерзімді схемалары енгізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2007 жылы 100 мың халыққа шаққанда 126,4-ті құраса 2017 жылы 52,2 болған. Өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеді.

Қазіргі күнде елімізде туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда.

«Қазақстанда туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Яғни, айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша амбулаториялық жағдайда ем қабылдауды бастаған туберкулезге шалдыққан науқастардың үлес салмағы 25,1%-ға өсіп, 40,3% құрады. Елімізде туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеу нәтижелілігі айтарлықтай жоғары. Атап айтсақ, еліміз бойынша алғаш айқындалған туберкулезге шалдыққан науқастардың сауығып кетуі 2016 және 2017 жылдарға сәйкес 86,9% және 87,0% құрады. Ал, көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулез жағдайы үстіміздегі жылы жақсарып, 2016 жылғы 74,8% көрсеткішіне қарсы 78,2% құрады», - деді Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Анна Цепке әкімдікте өткен «Туберкулездің бизнеске ықпалы» тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.

Елімізде 2016 жылдан бастап туберкулезді жаңа дәрілермен емдеудің қысқа мерзімді схемалары енгізілуде. 2017 жылдың желтоқсан айында көптеген дәрілерге көнбейтін және ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулезге шалдыққан 373 пациент жаңа 5-топ дәрілермен емдеуге алынған (2016 ж- 215; 2017 ж.- 158). 

Сонымен қатар, Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізіледі. Туберкулезді еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәби әкеліп, мағыналы өмір сүре алады. Оларға қорқынышпен қарап, қоғамнан оқшаулаудың еш қажеті жоқ.

Соңғы жаңалықтар