Астанада тал түсте үш баланың әке-шешесі жоғалып кетті
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр.
«Полицейлер аталған азаматтарды табу бойынша кешенді түрде жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Іздестіру жұмыстарына Астана мен Алматы қалаларының ІІД жеке құрамы тартылды»,-деп хабарлайды қаланың ішкі істер департаменті.
Жоғалған ата-аналардың үш қызы бар. Олардың ең үлкені жеті, ортаншысы бес және кенжесі жасқа жаңа толған бүлдіршіндер.
12 сәуір күні сағат 14.00-де балалардың анасы үйінен шығып, ортаншы қызын «Айгөлек» дамыту орталығына апарған, содан бері хабар жоқ. Үйдің отағасы да дәл сол күні сағат 11.00-де із-түзсіз кеткен.
«Жоғалған әйелдің ерекше белгілері: Бойы 155-160 см, дене бітімі талдырмаштау келген, көзілдірік тағады. Ұлты - қазақ. Үстінде қоңыр түсті пальто, басына ақ-қара жолақты орамал тартқан, аяғына сұр түсті трико және қоңыр етік киген.
Әкесінің ерекше белгілері: Бойы 165-170 см, дене бітімі арықтау келген, ұлты - ұйғыр. Үстіне бас жамылғысы бар жеңсіз қара-көк желет киген. Басында күнқағары бар шапка немесе кепка болуы мүмкін. Аяғына ашық көк түсті джинси мен қара етік, мүмкін көк жолақтары бар кроссовка киген», - деп жазылған әлеуметтік желілерде.