Астанада шілденің алғашқы 13 күнінде 11 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көпқабатты үйлердің терезесінен балалар күнара құлайды. Барлық жағдай үлкендердің салғырттығының салдарынан орын алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Бұл статистиканы елордалық дәрігерлер мәлімдеді: шілде айының он үш күнінде 11 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. Зардап шеккендер - 1-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер.

«Балалар түрлі сүйек жарақаты, бас сүйегі мен ішкі органдары зақымданған өте ауыр жағдайда жеткізілді», - деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында №2 қалалық балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Баймахан Садуов.

Айта кетерлігі, терезеден құлаған балалардың барлығы үйлерінде үлкендермен бірге болған.

«Тіпті, балалар үйлерінде үлкендермен бірге болған кезде құлап кетіп, ал ата-аналары бұл туралы білмеген жағдайлар кездесті. Үйдегі баланың құлағанын көршілерінен естіген», - деді ол.

Мысалы, 2 шілдеде Астанаға туыстарының үйіне қонаққа келген төрт жастағы бала 8-ші қабаттан құлап, абырой болғанда аман қалды. Баланы көршілері көріп, жедел жәрдем шақырған. Туыстары болса бірер минут қараусыз қалдырғандарын айтып ақталды.

Оқиға орын алған кезде баланың анасы Павлодар  облысында болған.

«Терезеде москиттік тор бар болса да, балкон ашық тұрған кезде балаларды бақылаусыз қалдырмау керек. Мұндай сұмдықты басымнан өткердім, тіпті дұшпанымның басына бермесін», - дейді баланың анасы.

Осы орайда дәрігерлер балалардың терезеден құлауына жол берген үлкендер мен ата-аналарға жазаны күшейту керек деп есептейді.

«Қолданыстағы  заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда үлкендер жауапкершілікке тартылмайды. Алайда балаларға дұрыс қарамаған ата-аналардың жауапкершілігін заң жүзінде қолданысқа енгізсе деген тілегіміз бар. Сол кезде балаға бас-көз болып, салғырт қарамайтын болады. Баланың құлағаны дұрыс емес», - деді өз сөзінде Б.Садуов.

Ресми дерекке сәйкес, 2015 жылдың алты айында Астанада көп қабатты үйдің терезесінен 18 баланың құлау фактісі тіркелсе, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында мұндай қырыққа жуық оқиға тіркелді.

Оның 29 жағдайында балалар терезеден құлаған.

Соңғы жаңалықтар