Астанада шертпе күйшіге арналған «Қоңыр» атты күй кеші өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 қараша күні елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы концерттік залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, шертпе күйдің шебері Әбікен Хасеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған «Қоңыр» атты күй кеші өтеді, деп хабарлайды elorda.info .

Әбікен Хасенов - қазақтың шертпе күй өнерінің кәсіби мектебінің іргетасын қалаған ұлы күйші. Оның «Қоңыр» атты күйі өзі өмір сүрген тар кезеңнің ауыртпашылығын суреттейді. 1934 жылдан бастап Қазақ академиялық драма театрының актері болып еңбек еткен. Көптеген образдарды сомдаған театр тарланы ретінде аты тарихта қалған. Әбікен Хасенов Тәттімбет, Итаяқ, Мақаш, Сембек, Қыздарбек, Әбди сияқты халық күйшілерінің мұраларын күйтабаққа жазып қалдырған.

Шертпе күйдің майталман шеберін С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды классик қаламгерлер сү­йіп тыңдаған. Әбікеннің есімі А.Жұбановтың монографиясында аталған.

«Қазақтың ұлы күйшілерінің бірі, Тәттімбет мектебінің озық өкілі Әбікен Хасеновтің өмір сүрген кезеңі зар заман емес, кер заман болды. Алматыға Әбікен Сәкен Сейфуллинді сағалап барады. Сәкен Әбікенді жақсы қарсы алып, қамқор болып, оны жаңадан ашылған Қазақ драма театрына әртістік қызметке орналастырады. Әбікен осы театрда өмірінің соңына дейін қызмет етті. Бұл саладағы еңбегі еленіп, мемлекеттік марапаттар да алды. Қазақтың театр өнерінің іргетасын қалаған аға буын өкілдерінің арасында Әбікен Хасеновтің есімі де құрметпен аталады. Оның актерлік шеберлігінің театртанушылар тарапынан айтылмай қалған кезі жоқ. Театрда қызметте жүргенде Әбікеннің алапат күйшілігі Алматыға жайылды» дейді осы кешті ұйымдастырушы, белгілі күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Ал Астанада өтетін күй кешіне Астана мен Қарағанды қалаларынан бірқатар белгілі күйшілер мен әншілер қатысады. Атап айтсақ, Қалкен Қасымов, «Күй-керуен» шертпе күй орталығының басшысы Қайролла Сәдуақасов, Қапаш Құлышева, Секен Тұрысбек, Рымхан Әбілханұлы, Еділ Басығараев, Қайрат Айтбаев, т.б. өнерпаздар күй шертіп, ән салады.

Соңғы жаңалықтар