Астанада «Шексіздік» атты сурет көрмесі ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 қазанда ҚР Ұлттық музейінде суретші Қуат Асқаровтың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Шексіздік» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмеген суретшінің 80-ге жуық көркем туындылары қойылған. Олардың дені халық назарына алғаш рет ұсынылып отыр.

Қуат Асқаров (1963 ж.т.) Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесін бітірген, 2008 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімі сыйлығының «Жылдың үздік суретшісі» номинациясы бойынша лауреаты (2014 ж.), Ә. Қастеев  атындағы «Ең үздік туынды үшін» алтын медалінің иегері (2015ж.). Қуат Асқаров - Теміртау қаласының байырғы тұрғыны, ол сол жерде кәсіби суретші ретінде өсіп қалыптасты.

Қуат Асқаров қазақ мифологиясындағы бейнелер мен желілердің аллегориялық түсініктемесіне сүйене отырып, өзіне тән көркем бейнеліліктің соны тәсілін жасады. Суретшінің еңбектері шын мәнінде қазақ мәдениетінің рухымен қоректенген, терең пәлсапалық мәнге толы және көп мәнді нышандарға бай. Суретші дәстүр мен жаңашылдықты, классика мен бүгінгіні үйлесімді байланыстыра отырып, ұлттық ерекшеліктің жаңа үлгілерін іздейді.  Мұның арасында бүгінгі Қазақстанның жылнамасы болып табылатын «Туған жер» триптихі, көшпенділердің азапты өмірін көрсететін «Ұршық өмір» полиптихі бар. Махаббаттың мәңгілік тақырыбы лирикалық «Гауһартас» жұмысында жырланады. Көрмеге сол сияқты автордың балалық әсерлеріне толы «Шаңырақ», «Балалық шақ әуендері»,«Аула»,«Немере»,«Рахат өмір»,«Әже» және т.б. тұрмыстық  сюжеттері де ұсынылған.

Суретшінің туындылары қазақ халқының бай мәдени мұрасын көпшілікке таратады, өз Отанына және ұлттық бастауына деген махаббаты мен құрметін көрсетеді.

 

Соңғы жаңалықтар