Астанада Сауд Арабиясы королінің жеке заттары көрермен назарына ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазақстанның Ұлттық музейіне келушілер Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдул-Азиздің жеке заттарын көру мүмкіншілігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әл Фейсал: Әділдік пен ерлік жолы» тақырыбымен ашылған көрмеге сирек кездесетін тарихи жәдігерлер және корол Фейсалдың жеке заттары - суық қару түрлері, наградалары, мұрағат құжаттары, фотосуреттер қойылған. Көрменің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Сауд Арабиясының ханзадасы Түрки ибн Фейсал Әл Сауд және еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

«Біздің елордамызға қош келдіңіздер! Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдул-Азиз көптеген прогрессивті заңдарды қабылдады. Ол заңдар елде бүгінгі күнге дейін қолданылуда. Бүгін көрмеге келушілер корольдің жеке заттарымен, сонымен қатар тарихи құжаттармен таныс бола алады», - деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Сауд ханзадасы өз кезегінде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында ерекше қарым-қатынас орнағандығын баса айтты.

«Король Әл Фейсалдың жеке заттарының Қазақстанда алғаш рет көрсетіліп отырғандығын атап өткен орынды. Қазақстан мен Сауд Арабиясын тек қана дипломатиялық қарым-қатынастан бөлек те салалар байланыстырып жатыр. Сауд Арабиясы королі мен Қазақстан Президенті арасындағы қарым-қатынас та өте жақсы даму үстінде. Астанаға келу арқылы біз Қазақстанның болашағы зор екендігіне тағы да бір мәрте көз жеткіздік. Қазақстан елордасына келгеніме және ҚР Ұлттық музейінде көрме өткізгеніме қуаныштымын», - деді Сауд Арабия ханзадасы Түрки ибн Фейсал Әл Сауд.

1 2 3 4 5 6 7 8  

Соңғы жаңалықтар