Астанада рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендерге 2 млн теңге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс шығарған, лас сұйықтықтарды төккендерді анықтауға кірісті, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.

Шара ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» кешенді жоспары бойынша жүргізілуде.

Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша белгіленбеген жерге қар, қоқыс шығарған, лас сұйықтықтарды төккен шамамен 95 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоқыс төккендерге жиыны 2 млн теңге айып салынды.

Сонымен қатар, 24 сәуірде Алматы аудандық ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы қызметі белгіленбеген орында қоқыс төккен «Газель» автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге 20 АЕК (45 380 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

 

Соңғы жаңалықтар