Астанада пәтер иесі ақша жоғалу фактісі бойынша өрт сөндірушілерден кешірім сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада пәтері өртенген жылжымайтын мүлік иесі ірі мөлшердегі ақша жоғалу фактісі бойынша өрт сөндірушілерден кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сонымен, қылмыскерлер құрықталды. Олардың екі адам екені анықталды және күдіктілер кінәсін мойындап отыр. Ақшаның бір бөлігін қайтарып берді. Сонымен қатар ақшаның біршамасын депозит пен карталық шотқа жіберіп үлгерген. 1,2 млн теңгені жұмсаған, оның ішінде 700 000 теңгесін букмекерлерге ұтылған. Жоғалған ақшаның қалған сомасы түгел жиналғаннан кейін, маған тапсырылады», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында пәтер иесі А. Сұлтанов.

Мұнымен қоса ол қылмыскерлердің өрт сөндірушілерге еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Күдіктілер пәтерді қасақана өртеп, осы арқылы өздерінің қылмыстарын жасырғысы келген. Ақшаны ұрлап, пәтерге өрт қойған. Абырой болғанда, олардың бұл әрекеті іске аспай қалды. Дүйсенбіде кешқұрым күдіктілер анықталғанын және олардың өрт сөндірушілерге қатысы жоқ екенін білдім. Сейсенбі күні таңертең Астана қаласы бойынша ТЖД басшылығына хабарласып, оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, өзімнің күдігіме байланысты кешірім сұрадым. Осы орайда жария түрде кешірім сұраумен қатар, пәтерімде өртті сөндірген қызметкерлердің әрқайсысынан кешірім сұрайтынымды айттым», - деп жазды ол.

Бұдан бөлек тез арада қылмысқа күдікті адамдарды ұстау бойынша елеулі жұмыс атқарған полиция қызметкерлеріне де алғысын жеткізген.

Естеріңізге сала кетейік, Асхат Сұлтанов есімді пайдаланушы Фейсбукте Астанадағы пәтерінде өрт болғаны туралы хабарлаған еді. Ол кезде пәтерде ешкім болмаған.

Тұрғынның айтуынша, үйінде әйелінің машинасын сатқан ақша және тағы бір дүкен ашу үшін жинаған ақша - 15 миллион теңге және 8 мың доллар болған.

Өз кезегінде ТЖ жөніндегі комитет тарапы бұл жағдайға түсініктеме берді.

«Оқиға орнында ақша жоғалды деген хабар келген соң Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері сонда барды. Түсініктемелер алынды. Тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері.

Соңғы жаңалықтар