Астанада өндірілетін жылу оқшаулағыш қоспалар Орталық Азия нарығына шығарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өндірілетін жылу оқшаулағыш қоспалар Орталық Азия нарығына шығарылады. Аталған қоспаны шығаратын зауытты бүгін жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Президент мырза! Польшаның Селена компаниясының бүкіл әлемде, оның ішінде Еуропа, Оңтүстік Америка және Азияда 15 өндірістік кәсіпорны бар. Бүгін біз Астанадағы зауыт олардың қатарындағы ең заманауи екендігін айрықша мақтанышпен айтамыз. Біздің өніміміз - үйлердің жылуын оқшаулауға арналған заманауи қоспалар. Өнімнің 40 пайызы Орталық Азия мен Ресейге экспортқа шығарылатын болады», - деді Селена Тобының президенті Кшиштоф Домарецки.

Оның атап өтуінше, өндіріс ошағында 70 адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі Польшада оқып келді.

«Президент мырза! Сізді Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің арқаңызда Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция үшін үздік әрі барынша бәсекеге қабілетті елге айналды. Біз Қазақстан экономикасының және қазақстандық-польшалық ынтымақтастықтың нығаюына өз үлесімізді қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Іске қосуға рұқсат берсеңіз», - деді ол.

«Ағымдағы жылы мен Польшаға сапар жасадым. Біздің келіссөздерімізде ынтымақтастығымызды одан ары дамыту мәселелері көтерілді. Бұл өте жақсы үлгі боларлық жайт. Біздің Үкіметіміз бен жергілікті атқарушы органдарымыз бизнестеріңізге, құрылыс жұмыстарыңызға көмек көрсетуде», - деді Елбасы.

ҚР Президенті бұған дейін Польша компаниялары Шымкентте фармацевтика саласында табысты жұмыс істегендігін атап өтті.   

Соңғы жаңалықтар