Астанада Наурызды қай жерде қызықты тойлауға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында әз Наурыз өткен сенбі, 18 наурыздан бері тойланып жатыр. Қала әкімшілігі көшелерді Наурыз мерекесіне орай «сәндеп», кез келген ұжым дәстүрге сай, Наурыз мерекесі алдындағы соңғы жұмыс күнінде көже дайындады.

19 наурыздан бастап 23 наурызға дейін, яғни, әлі үш күн бойы мереке жалғасады. Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарын осы мереке күндері шаһарда болатын мерекелік іс-шаралардан құлағдар ете кетсек.

Қала орталығында тұратын азаматтар үшін кез келген сауда орталығына кірсе де мереке сезіледі. Сондықтан, қала маңындағы аудандар мен ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау үшін 18 наурыздан бастап 22 наурызға дейін «Теміржолшылар», «Өндіріс», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Пригородный», «Ильника», «Көктал-1» және «Көктал-2»-де мерекелік концерттер өтеді.

Бүгін «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығының жанында  19 кигіз үй тігіліп, нағыз шығыс  базары басталды. Таңғы сағат 10.00-де басталған шара 23 наурыздың кешіне дейін жалғасады.

21-22 наурыз күндері Астананың алаңында, атап айтсақ, «Қазақ елі» монументінде, қалалық әкімдік жанындағы ескі алаңда, «Қазақстан» спорт кешенінің жанындағы Студенттер паркінде, "Жастар" театрының маңында Наурыз тойланып, көже таратылады.

Ал, 22-23 наурыз күндері «Астана Опера» театрының әртістері «Қыз Жібек» операсын ұсынады.

Сонымен қатар, жуырда техникалық түрде ашылған «MEGA Silk Way» сауда орталығы 23 наурыз күні ресми ашылады. 22 наурыз күні сауда орталығының ішінде қолөнершілер жәрмеңкесі, садақ ату жарысы, мерекелік керуен, акробаттар шоуы өтпек. Бірақ, 22 наурыз күні сауда орталығы сағат 21.00-де жұмысын тоқтатып, 23 наурыз күні кешкі сағат 18.00-ге дейін жабық тұрады. 23 наурыз күні сағат 18.00-де ресми түрде ашылған сауда орталығы Наурыз мерекесіне орай тағы да керуен ұйымдастырып,  театрландырылған «Жібек жолы» қойылымын ұсынып, Құстар шоуын өткізбек. 

Соңғы жаңалықтар