Астанада Наурыз мейрамын өткізудің түйіткілдеріне арналған ғылыми конференция өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29  наурыз күні Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Ұлыстың Ұлы күні - әз Наурыз» атты республикалық ғылыми конференция өтті, деп хабарлады ҚазАқпаратқа мұражайдың баспасөз қызметінен.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, мәдениеттанушылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттер қатысты. Олар Наурыз мейрамын өткізудің мағыналық, мазмұндық жағын кемелдендіру тұрғысында  ой-пікірлерін ортаға салды.

Шарада сөз алған мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғали: «Наурыз мерекесіне мемлекеттік статус бергенімізге біраз уақыт болды. Бірақ, Наурыз мейрамының бір бөлігі болып табылатын «Амал» мерекесі еліміздің батысы - Маңғыстауда ғана тойланып, қауышу мейрамын еліміз енді-енді қабылдап келе жатқаны, Наурыз мерекесіне деген халықтың көп қызығушылық білдірмеуі - мерекенің әлі де мемлекеттік деңгейге көтерілмегенін білдіреді. Советтік кезде жанұялық деңгейде болса, қазір өңірлік деңгейде. Ендігі мақсат - бұл мерекені, шын мәнінде, жалпыұлттық, жалпықазақстандық деңгейге көтеру. Бұны әлеуметтік мәселе ретінде күн тәртібіне қоюымыз керек» - деп атап өтті.

Ал тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев болса: «Наурызды» көбіне парсы сөзі деп айтамыз. Себебі парсы деректерінде наурыз туралы мәліметтер көп. Бірақ, біз Наурыз парсылардан келген мереке деген түсініктен құтылуымыз керек. Бұл - ирандықтардың арасында сақталған түркілердің ортақ тарихы, ортақ мерекесі. Наурыз мейрамы иран, сәлім, түркі сияқты этникалық топтардың ара-жігі ажырамаған тұста пайда болған мейрам» - деп мерекенің тарихына тоқталды.

Іс-шара мақсаты- халқымыздың салт-дәстүріне өскелең ұрпақтың назарын аударту. Наурыз мерекесінің бастауында  бейбітшіліктің, келісімнің, игі мақсаттардың бастауы мен жаңарудың жатқанын дәріптеу.

 

Соңғы жаңалықтар