Астанада ММА-дан Қазақстан чемпионаты басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 мамырда Астанада ММА-дан ел чемпионы атағын алу үшін барлық өңірлерден 200 спортшы жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан ММА федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жекпе-жек бес әйелдер мен тоғыз ерлер салмақ санаттары бойынша өтіп жатыр. Қазақстан чемпионатына алғаш рет 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуда. Бұл жолы жасөспірімдер дәрежесінен 40 спортшы бақ сынауға ниет білдірген.

Атап айтқанда, бәсеке 8-11 мамыр аралығында елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында өтеді.

Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдердің күш сынауынан басталды. ММА федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсеновтың айтуынша, жасөспірімдер дәрежесіндегі спортшылардың деңгейі жақсы.

«Бүгін ел чемпионатында алғаш рет жасөспірімдер қатысып жатыр. Олар жасына қарамастан, жақсы жекпе-жек көрсетуде. Көптеген айқастар мерзімінен бұрын бітіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ олардың әлеуетінің жоғары екендігін көріп отырмыз», - деді ол.

ММА-дан VI Қазақстан чемпионатының ақтық сайыстары QAZSPORT телеарнасынан тікелей эфирден көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар