Астанада Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылмақ

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығына орай елордада Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылмақ. Бұл туралы БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев зиялы қауым өкілдерімен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Астанадағы Жеңіс даңғылы бойындағы тынымбақта (сквер) батыр қыздың еңселі ескерткіші бой көтермек.
Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 6,1 метр болмақ. Онда шинель киіп тұрған батыр қыз бейнеленген. Авторы - белгілі қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров. Ескерткішті биыл жазда Астана күніне орай ашу көзделуде.


Батысқазақстандықтар елордаға сыйға тартатын тынымбақта абаттандыру жұмыстары да жасалады.

Ескерткіш жобасына қатысты зиялы қауым өкілдері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Қ.Мұсағалиев мұның барынша ескерілетінін жеткізді.
Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы мемориалдық музей-үйінің директоры Светлана Бектенованың сөзіне қарағанда, батыр қыздың бет-әлпеті оның салынған емес, түсірілген түпнұсқа суретіне келеді.

Мүсіндерді есептемегенде, бұл осымен Мәншүктің бесінші ескерткіші болмақ. Оның алғашқысы Невель қаласында 1979 жылы ашылды. 1988 жылы Орал қаласында бой көтерген ескерткіш өткен жылы туған жері - Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқынға көшірілді. Орнына қазақтың үш батыр қызы Мәншүк, Әлия, Хиуазға ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ 1995 жылы Алматыда Мәншүк пен Әлияға ескерткіш салынғаны белгілі.
Айта кетейік, Орал қаласында Исатай-Махамбет ескерткішін орнату жоспарлануда.

null 

Соңғы жаңалықтар