Астанада қылмыс ең көп тіркелетін орын аталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың Қылмыстық құқықбұзушылық картасы арқылы қаланың қай бөлігінде қандай қылмыс тіркелгенін интернеттен бақылап отыруға болады. Картаның қызметі мен оның жұмысын күшейту бағыты туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Бас прокуратура ғимаратында өткен көшпелі отырыста айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері бүгін Бас прокуратурада көшпелі отырыс өткізді. Отырыста «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» интернет порталын құрудың (100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 31-ші қадамын іскер асыру аясында) құқықтық негіздері талқыланды.

Жиында сөз алған Бағдат Мусин Қылмыстық құқықбұзушылық картасының қызметін тілге тиек етті.

«Қылмыстық істердің картасы Ұлт жоспарының 31-ші қадамы аясында іске асырылған. Қазіргі уақытта оған барлық қалалар мен аудан орталықтары қосылды. Картаның негізгі мақсат-міндеттері қандай? Ең алдымен, ол құқық қорғау органдары мен жергілікті органдарға жедел әрекет ету және алдын алу үшін онлайн-түрде қылмыс ошақтарына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, біздің азаматтарға тұрғылықты жеріндегі криминогендік жағдайды біліп отыруға жол ашады», - деді Бағдат Мусин.

Ол сонымен қатар картаның шынайы жұмысындағы қызметі туралы айтты.

«Мінекей, экраннан қазіргі уақытта Астана қаласының қылмыстық құқықбұзушылықтың картасын көріп отырсыздар. Онда сәуір айынан бастап тіркелген барлық қылмыстар тіркелген. Сондай-ақ, жыл немесе ай басынан бергі, тәулік бойғы қылмыстық құқықбұзушылықтардың көрсеткішін де көріп отыра аласыздар. Бұл картаға интернет арқылы кіруге болады», - деді Бағдат Мусин.

Тіркелген қылмыстардың бәрі де картада көрсетіліп тұр.

«Ыңғайлы болу үшін бұл ақпараттарды әртүрлі форматта көруге болады. Егер картаны үлкейтіп көрсеңіз, Астана қаласындағы қай жерде қылмыстың көп тіркелетінін көруге болады. Міне, картадан көріп отырғаныңыздай ол жер - Сейфуллин мен Уәлиханов көшесінің қиылысы. Бұл - «Артем» базарының маңы. Әлбетте, неліктен ол жер екені белгілі. Себебі, ол жерде адам көп жиналатындықтан, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиі тіркеліп тұрады», - деді Бағдат Мусин.

Соңғы жаңалықтар