Астанада коррекциялық мектеп-интернаты ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада арнайы коррекциялық мектеп-интернаты ашылады. Көктал кентінде орналасқан 375 орындық  білім ошағы қараша айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

Осы күні бас қалада 3 мыңға жуық бала инклюзивтік білім берумен қамтылған. Қалалық білім басқармасының жетекшісі Әнуар Жанғозиннің айтуынша, Астанада ерекше білім беруді қажет ететін 10 297  бала Психо-медико-педагогикалық консультацияда (ПМПК) тіркеуде тұр, оның 2151 - 0-18 жас аралығындағы мүгедектер. 

«2849 бала инклюзивтік білім берумен қамтылған. Мектепке дейінгі 13 мекеме мен жалпы білім беретін 51 мектепте соматикалық және ауытқуы бар науқас балалар білім алуда. Бұған қоса, 230 бала жалпы білім беретін мектеп негізінде үйден оқытылып жатыр», - деді қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында білім басқармасының жетекшісі Әнуар Жанғозин. 

Оның айтуынша, елордадағы 84 мектептің 75-інде немесе жалпы мектептердің  89% инклюзивтік білім алуға қажетті жағдай жасалған. Пандустар мен қабырғаға қол сүйеніштері жасалды, дәретханалар қайта жасақталды, тактильді жолдар мен 8 мектепте жеделсаты орнатылды. Бұған қоса үш мектепке мүмкіндігі шектеулі балаларды инватаксимен жеткізу жолға қойылған.

 

Соңғы жаңалықтар