Астанада көрме өткізген ирандық миниатюрист: Шабытымның арқауы - Шығыс шайырлары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирандағы Ислам революциясының 39 жылдығына орай, Астанадағы Ұлттық музейде ирандық миниатюрист Бехзат Бузургидің көрмесі өтіп жатыр. Туындыларына көбінде Шығыс шайырларын арқау ететін қылқалам шебері елордамыздағы бұл жолғы көрмесін Мәулана Жалал Әд-Дин Румидің шығармаларына арнаған. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әлемнің 57 елінде көрме өткізіп үлгерген, миниатюра әлемінде атағы бар Бехзат Бузургиді сөзге тартты.

«Менің отбасымның бәрі өнер адамдары. Әкем де, шешем де ақын. Кішкентай кезімнен Омар Һайәмнан бастап бүкіл әлемге белгілі Шығыс шайырларының туындыларына ғашық болдым. Ақындық маған дарымаса да, ұлы тұлғалардың туындыларын қылқалам арқылы паш етсем деген көкейімде арман туды. Шынымды айтқанда, миниатюра шебері болып қалыптасуыма Шығыс шайырларының хисса-дастандары түрткі болды», - дейді миниатюрист.

Тоғыз жасынан бастап қолына қылқалам алған шебер соңғы 7 жылда тек қана миниатюраға ден қойған. Осы күнге дейін Америкада, Ресейде, Филиппинде, Индонезияда, Кувейт, Катар, Сербия, Франция мен өзге де елдерде 57 көрмесі өтіпті.

Бір атап өтерлігі, Бехзат Бузурги Астанада осымен екінші рет көрме өткізуде. Миниатюристтің айтуынша, Астанаға алғашқы сапардан айтарлықтай тәжірибе алып, шеберлік сыныбын өткізіп кеткен. Ирандық суретшінің Қазақстанға екі елдің мәдени байланысын нығайту аясында жолы түскен екен. Миниатюра шеберінің бұл жолғы сапары Ирандағы Ислам революциясының 39 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.

«Өкінішке қарай, дәстүрлі Иран миниатюрасына қызығушылық аса көп деп айта алмаймын. Дәстүрлі көркем сурет өнерінде жүрген менің шығармашылығыма, шынымды айтсам, шетелдіктер көп қызығады», - дейді ол.
null 

«Шетелдіктер қызығады» десе дегендей, Бехзаттың гуашпен салынған өнер туындысының бірі Еуропада 30 мың АҚШ долларына сатылып кеткен екен. Бір сөзбен, өнерді бағалайтын қауым Бехзат Бузургиді өте жақсы біледі. Бір туындының өзіне 1,5-2 жылын арнайтын суретші кез келген шығармасына асқан ыждаһаттылықпен қарайды. Гуаш бояуымен 30 миллион нүктемен, кескін салу әлбетте толағай еңбекпен жасалып жатқанын дәлелдей түседі.
null

null 

«Астана өте суық екен» деп күледі Бехзат Бузурги. Халқымыздың қонақжайлығына тәнті екенін айтады. Ескі миниатюра өнерін бүгінгімен ұштастыра білген қылқалам шеберінен Иранның көркем суретінің тарихын сұрадық.

«Негізінен Иранның көркем сурет өнерінің тарихы өте тереңде, Сасанидтер дәуірінен (224 - 652 жылдар) басталады. Бұл өнердің пайда болуына Қытай мәдениеті әсер етті десе де болады. Уақыт өте келе Иранның көркем суретінің өзіндік стилі қалыптасып, шыңдала түскен. Моңғол дәуірі мен Темірланның кезінен кейін көркем суреттің мазмұны өзгере түсті. Сол тұстағы картиналардың бәрінде моңғол басшылар бейнеле бастаған. Себебі, сол тұстағы қылқалам шеберлері елді билеген моңғол басшыларының көңілін табу үшін суретін соларға ұқсата салған болуы керек», - дейді қылқалам шебері.

Ирандық миниатюра туралы ең атақты кітап - «Шаһнама» деп аталады. 15 ғасырларда өмір сүрген Фирдоусидің өлеңмен әрі суретпен өрілген бұл еңбегі жалғыз ирандықтардың емес, тарих мен әдебиетке қызыққан бүкіл әлемдегі халықтың жауһары. Сұхбат соңында Бехзат Бузургиге сәттілік пен шығармашылық шабыт тіледік. Астанада көрме өткізуге қашан да асық екенін айтып, бізбен қош айтысты.
 null null null null 

Соңғы жаңалықтар