Астанада Кореяның танымал балет труппасы өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Корейлік танымал Universal Ballet труппасы «Астана Опера» сахнасында 26 және 27 маусым күндері өнер көрсетеді. Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, труппаның гастрольдік қойылымы Eurasia Dance Festival Халықаралық балет өнері фестивалі аясында өтеді.

Ұжым Начо Дуато, Раймондо Ребек, Охад Нахарин сынды шоқтығы биік қазіргі заманғы хореографтардың авторлық балеттерін ұсынады. «This is modern» кешінің бағдарламасына «Эльф», «Ақ түс», «Минус 7» атты танымал қойылымдар енді. 

«Біз Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетудеміз. Қазіргі таңда труппада шамамен 60 әртіс жұмыс жасайды, ал гастрольдік сапарға 35 керемет биші шығатын болады. «Астана Опера» көрермендеріне арналған гастрольдік репертуарға қосылған балеттерді біз жыл сайын Korean ballet festival (Сеул) фестивалінде көрсетіп келеміз. Бұл шағын спектакльдерді көрермендер қатты жақсы көреді әрі асыға күтеді, сондықтан біз сол қойылымдарды сіздерге де алып келіп, көрсетуді ұйғардық. Әлем бойынша біздің балеттің жанкүйерлері ыстық ықыласпен қабыл алғандай, қазақстандық көрермен де өзінің оң бағасын берер деп үміттенеміз», - деп бөлісті Universal Ballet әртістік директорының орынбасары Тиен Рю.

Труппа Жапония, Колумбия, Түркия, Қытай, ОАР, Ресей, Франция, АҚШ, Канада, Оман және Сингапур қалаларында өнер көрсетіп, өзінің үшжылдық әлемдік турнесін тәмамдады.

Universal Ballet уақыттың сынынан өткенін еске сала кетейік - 1984 жылы оның негізі қаланған еді. Труппа құрамында Еуропа, Азия мен Американың 12 елінен өкілдері бар. Universal Ballet бас директоры Джулия Мун, көркемдік жетекші Брайан Ю және Құрметті көркемдік жетекші Олег Виноградов басшылығымен азиялық кербездік пен үйлесімділікті батыстық классикалық балеттің күші мен әсемдігімен араластыра отырып, үнемі танымалдылық пен құрметке ие болып келеді. Ұжымның жетістіктері ішінде - «Өнердегі көшбасшылық» президенттік марапаты бар (1999).

Балет классикасы болып табылатын «Аққу көлі», «Дон Кихот», «Жизель», «Баядерка», сонымен қатар Джон Кранконың «Онегин», Уильям Форсайттың «Алтын шие піскен жер», Иржи Килианның «Алты би», «Кішкентай ажал» т.б. қазіргі заманғы жауһарлармен қатар труппа репертуарында корей фольклорының классикалық балетпен үйлескен ұлттық хореография туындылары - «Шим Шон - Қиыр Шығыс аңызы» және «Чанхуанг махаббаты» бар.

Соңғы жаңалықтар