Астанада қонақүйлерді міндетті сертификаттаудан өткізу жоспарлануда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қонақүйлерді міндетті сертификаттаудан өткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм департаментінің директоры Марат Иғалиев мәлім етті.

«Қазіргі уақытта ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде қонақүйлерді стандарттаудың ережелерін жасап жатыр. Әзірге талқылау жүріп жатыр. Әлемдік деңгейде 241 стандарт бар екен. Жалпы Астана әкімдігі ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қаладағы барлық қонақүйлерді сертификаттауды тапсырды», - деп атап өтті департамент басшысы.

Оның айтуынша, аталмыш сертификаттау барлық қонақүйлер үшін міндетті болмақ. Осыған орай, әкімдікте барлық құзырлы органдардың қатысуымен арнайы комиссия да құрылады. 

«Бұл әрбір қонақүйге оң әсерін береді. Егер нысан сертификатталған болса, ол қажетті ақпаратты ұсынуы тиіс. Оларды сертификаттау үшін арнайы инспекциялау қызметі болуы шарт, оны кімдер жасайды - бұл да әлі талқылануы тиіс. Отельдердің жүйелі түрде белгілі бір стандарттар бойынша сертификатталуы керек. Себебі шетелдік турист Қазақстанға келерде екі, үш, төрт жұлдызды қонақүйге тапсырыс береді делік және сол жерге келгенде соған сай қонақүйді көруді қалайды. Қымбат қонақүйлер, әрине, сапалы қызмет ұсына алады. Бірақ орта табысты турист ол жерге бармайды. Оған тек байлар ғана тапсырыс береді. Бірақ қарапайым шетел азаматы тіпті 2 жұлдызды қонақүйге баруға дайын, алайда ол қонақүйдің соған сай не сай еместігін тексеру үшін сертификатына мән береді. Сондықтан шетелден келетін туристердің 80 пайызы бизнес-отельдерге жайғасады», - дейді ол.

Сонымен қатар М.Иғалиев 2017 жылдан бастап, Қазақстан 48 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізетіндігін еске салды.

«Қарапайым туристер ағылады деген сөз, олар қымбат отельдерге қоныстанбайды. Олар - біз сияқты орта табысты азаматтар. Олар арзанырақ 2, 3 жұлдызды қонақүйлерді таңдайды. Алайда қонақүйлер соған сай келуі шарт. Жергілікті отельдерге осы бағытта белсенуі керек деп санаймын», - деп түйді сөзін департамент директоры.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС хабарлағандай, Астананың нөмірлік қоры 30 000 жатын орнын құрайды. 2017 жылға қарай Астанада қосымша 24 қонақүй кешенін салу жоспарланып отыр - бұл шамамен 2500 жатын орын. 

Соңғы жаңалықтар