Астанада қазақтың дәстүрі мен мәдениетін ұлықтайтын қалашық бой көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 маусым күні Астанада қазақ халқының дәстүрлі мәдени қалашығы - «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені өз есігін айқара ашады. ҚазАқпарат тілшісі ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілердің басты туристік нүктесіне айналатын орынға аяқ басқан алғашқылардың бірі болды.



Этноауыл ұлттық-мәдени кешені - Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында туристерге қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында құрылған бірегей орын.  Мұнда күн сайын қазақтың театр және музыка өнерінің фестивальдері, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптары, қолөнер және көркемөнер көрмелері, этникалық музыка фестивальдері, ұлттық спорт жарыстары өткізіледі.

«Бұл өткенге саяхат жасап, көшпенділердің рухын сезінуге таптырмас мүмкіндік. Біздің кешен келушілерді қазақ халқының бай тарихымен, өнерімен және дәстүрімен таныстырады, кез келген адам көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасына саяхат жасап, ауылдың күнделкті және мерекелік тұрмысынан ләззат ала алады», - дейді журналистерді күтіп алған жоба авторлары.

Аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайтын этноауыл «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан. Онда отызға жуық ақшаңқан киіз үйлер алыстан көз тартады. Қазақтың әшекей бұйымдары, Алтын адам сынды көркемдік-декоративтік элементтер де этноауыл көрінісіне әр бере түседі. Одан бөлек, кешенде концерттік зал, спорттық және балаларға арналған алаңдар орналасқан.  

Кешен алуан түрлі бағыттағы бірнеше секторлардан құралған. Мәселен, «Дәстүрлі аңшылық түрлері» секторында қазақ халқының сүйікті аңшылық түрі - саятшылық, аңшы құстармен және дала тазыларымен аңға шығуы көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл жерде «құралайды көзге атқан» мергендердің өнерін тамашалауға болады.

«Ұлттық ойындар» секторында келушілерге тәрбиелік, дәстүрлік, әскери-спорттық, көпшілік-эстетикалық және өзге қоғамдық міндеттерді атқаратын ойын-сауықтар мен ұлттық ойындарды тамашалай алады. «Сайыс», «Қыз қуу», «Күміс алу», «Алтыбақан» және өзге де ойындар қазақтың мәдени дәстүрін толыққанды сезінуге мүмкіндік береді.

«Мұндағы ат шеберлері ЭКСПО көрмесі өтетін үш ай бойы күн ара келушілер алдында өнер көрсетеді. Бұдан бөлек әр облыс өздерінің мәдени күндерін өткізіп, өнерлерін көрсетеді. Сонымен бірге біздің ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығы да тұрақты түрде өнер көрсетіп тұрады. Жалпы алғанда, қонақтардың көңілінен шығады деген ойдамын. Этноауылда еш демалыссыз, 93 күн бойы іс-шаралар өткізіледі», -   деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене тәрбиесі және спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

ЭКСПО-2017 кезінде этноауылда ауқымды ат жарыстары өтеді. Атап айтқанда, 11 маусым күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған ат спорты түрлерінен «ЭКСПО Кубогы» өтеді. Бәйге - көптеген түркі халықтарының тарихи және танымал ат спортының бірі.





«Ат жарыстары аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, ұшқыр бәйге бойынша өтеді. Ұшқыр бәйгенің жалпы жүлде қоры 31 миллион теңгені құрайды. Ал 36 миллион теңге - ұлттық ат спорты түрлері бойынша барлық жарыстың жүлде қоры. Ұшқыр бәйге жарыстарына қатысу үшін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Польшадан атбегілер келеді», - деді Е. Қанағатов.

«Ұлттық асхана орталығы» секторында қатысушылар мен қонақтар қонақжайлылығымыздың ежелгі және бай тарихына қанығып, ұлттық тағамдарымыздың сан түрлі қыры мен ерекшелігіне қаныға алады. Онда жайылған мерекелік дастарханнан ұлттық тағамдар мен қымыз, шұбат сынды дәстүрлі сусындардан дәм татып көруге мүмкіндік беріледі.

Этноауылда өтетін мерекелік іс-шаралар ішінде қазақтың музыкалық және театр өнері фестивалінің шоқтығы биік. «Қазақ музыкалық және театр өнері фестивалі» секторында қонақтар үшін көшпенділер мен заманауи Қазақстанның мәдениетінің көптүрлілігін көрсететін толыққанды бағдарлама ұсынылады. Ол үшін алып сахна мен 850 орындық көрермен залы жасақталған. Мұнда күнделікті Қазақстанның өнер майталмандары мен отандық эстрада жұлдыздарының, еліміздің барлық өңірінен келген шығармашылық ұжымдар қатысуымен түрлі жанрдағы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Әсіресе «The Spirit of Tengri» фестивалі мен Венгрия, Ресей, Түркия, Норвегия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан музыканттары қатысатын «Nomadway» концерті айтулы оқиғалардың бірі болмақ.



«Шеберлер» секторында Қазақстанның барлық өңірінен келген қолданбалы өнер шеберлерінің экспозициясы орналасқан. Қонақтар бірегей ұлттық бұйымдарды сатып алып қана қоймай, оларды өз қолымен жасап көре алады. Жас суретшілер көркемсурет, графика, сәулет, гобеден, зергерлік бұйымдар, ағаштан мүсіндеу, керамика, сызба, кесте тігу, киіз басу секілді түрлі жанрда өз шығармашылықтары мен шеберліктерін паш етеді.

Сондай-ақ этноауылға Қазақстан мен шет мемлекеттерде танымал зергер Берік Әлібай шақырылған. Оның 10 мың доллар тұратын зергерлік әшекейін Иордания королі Абдулла ІІ әйелі Рания тағып жүр. Берік Әлібайдың Астанадағы музейіне шетелдік туристер жиі бас сұғады.

«Зергерлік бұйымдарды жасауға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Ұлттық әшекей бұйымдарды жасау үшін тарихты оқимын. Әрине, халық арзанына жүгіреді. Бірақ, соңғы жылдары сапалы ұлттық зергерлік бұйымдарға деген сұраныс өсті, мұны халықтың жағдайының жақсаруы деп білемін. Ең қымбат бұйымым 10 миллион теңгеге сатылған, бірақ ол құпия күйінде қала берсін», - деді ол журналистерге берген сұхбатында. 

Сонымен бірге, Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бұл маусымдық жоба Астананың нағыз көркіне айналады деп үміттенеді. «Этноауыл кешені жыл сайынғы маусымдық жобаға айналады деп үміттенеміз.  Жыл он екі ай жалғастырғымыз-ақ келеді, бірақ оған қаһарлы қысымыз мүмкіндік бермейді. Қысқы уақытта да туристердің келуіне жағдай жасауға тырысамыз, дегенмен жазғы уақытта жобаға ерекше назар аударылады. Астанада бұл жобаны жыл сайын өткізу ойымызда бар», - деді вице-министр.

 

Соңғы жаңалықтар