Астанада Қазақстан мен Гондурас ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Гондурас Республикасының сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Мария Долорес Агуэромен кездесті. Бұл іссапар екі жақты қарым-қатынастар тарихында осы мемлекеттің Астанадағы сыртқы саяси кеңсесі басшысының алғаш рет келуі болды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Кездесуде тараптар СІМ желісі бойынша Қазақстан және Гондурас арасындағы саяси диалогты дамытуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастардың, соның ішінде сауда және туризм салаларының болашағы зор бағыттарын анықтау қажеттігі айтылды.

Тараптар халықаралық қатынастар және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Халықаралық қатынастар бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас екендігі сөз болып, қазіргі байланыстарды БҰҰ аясында жандандыру қажеттігі тілге тиек етілді. Сонымен қатар, Гондурас БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2022-2023 жылдары мүше болуға ниет танытқан болатын.

Қ. Әбдірахманов Қазақстанның Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі Америка мемлекеттері ұйымы, Кариб мемлекеттері қауымдастығы, Кариб қоғамдастығы сияқты аймақтық ынтымақтастық алаңдарымен орнатқан байланыстары жөнінде айтты. Аталған ұйымдармен қатар Гондурас мүше болып отырған Орталықамерикалық интеграция жүйесінің қызметін ерекше атап өтуге болады. Ұйымның негізгі мақсаты - ортақ нарық қалыптастыру арқылы еркін сауда аймағын құру болып табылады.

Гондурас сыртқы саяси кеңсесінің басшысы өкілдік делегациямен бірге Орталық Америка елінің Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Ұлттық күні салтанаттарына қатысты. Гондурастың көрмедегі павильонында осы елдің өнерпаздары өнерлерін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар