Астанада қай жерде коньки тебуге болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мұз айдындарын құю мен хоккей алаңдарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

«Сарыарқа» ауданының Сарыарқа даңғылында, Қосшығұлұлы көшесінде, Кирпичный елді мекені мен «Өндіріс», «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй алқаптарында мұз айдындары мен хоккей алаңдары орналасатын болады. Есіл өзенінің жағалауында екі мұз айдыны ұйымдастырылмақ. Әкімдік жанындағы қалалық алаңда конькиді жалға беретін пункті бар қоғамдық мұз айдыны ашылады және қысқы уақытта Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол алаңы мұз аренасына айналады.

«Алматы» ауданында № 5, 27, 30, 31, 32, 57 мектептердің аумағында, сондай-ақ, «Железнодорожный» тұрғын үй алқабындағы №65668 әскери бөлімнің аумағына хоккей алаңдары орнатылатын болады.

Сонымен қатар, 25 желтоқсанда Ақбұлақ өзенінде, 26 желтоқсанда - Жерұйық саябағында мұз айдындарының ашылу салтанаты өтеді.

«Есіл» ауданында «Керуен» ОСО мен «Северное сияние» ТК арасында және «Пригородный» тұрғын үй алабында және № 24, 69 (Ильинка), 45, 71, 76 мектептердің аумағында мұз айдындары орналасады.

27 желтоқсаннан бастап, Президент саябағындағы қардан жасалған төбешіктерден сырғанай аласыз. Бұдан бөлек, «Жастар» сарайы аумағында да мұз айдыны мен сырғанақ төбешіктері пайда болады.

Барлық саябақтарда конькиді жалға беретін пунктер мен тамақтану орындары ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар