Астанада қаршадай қызды зорламақ болған педофил 15 жылға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана соты көктемде елді шулатқан педофилге үкім кесті. Қызды қамыс ішіне сүйреген соқталдай азаматты сол маңдағы құрылысшылар байқап, оңдырмай сабаған болатын, деп хабарлайды КТК . 

Рамай Хафизов мамырда Астананың жаңа темір жол вокзалының маңында алты жасар қызды алдап үйінен алып шығып, зорламақ болған. Арам ойын іске асыра алмай көзге түсіп қалған соң, көлді жүзіп өтіп, қашқан қылмыскерді жақын жерден табылған құрылысшылар тырп еткізбей байлап, полицейлердің қолына тапсырған-ды.

 «Хафизов Рамай Раисұлы кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 24 бабының үшінші тармағы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сондай-ақ өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмаған балалармен байланысты кез-келген қызметпен айналысуына тыйым салынсын»,- деді судья  Әділхан Шайхисламов.

 Бір аптаның ішінде нүктесі қойылған үкім алқа билердің араласуымен шықты. Ал 48 жастағы педофил Ақмола облысының тумасы, Астанаға тракторист боп жұмыс істеуге келгені белгілі. Үйленбеген. Ол өзінің құрбанын жақсы таниды екен. Қылмысқа бармас бұрын, бүлдіршіннің әке-шешесімен арақ ішкен. Оның үстіне қыздың ата-анасы таныстарының жақында түрмеден шыққанын да біліпті. Ұзақ мерзім арқалап, темір торға қайтқан азаматты мемлекет мәжбүрлі түрде жаман әдеті, маскүнемдіктен де емдейді. Үкімді түсіндім деп ишара білдірген педофил, өзін кінәлі сезініп тұрған жоқ.

 - Сот барысында Хафизов кінәсін мойындаған жоқ. Сондықтан соттан ақтап алуды сұрадық. Бүгін де үкіммен келіспей, шағым беремін деді. Мен адвокат ретінде оның ниетін орындаймын, -дейді оның қорғаушысы Сабина Шапенова.

Үкімнен соң оң күн күтіп, апелляциялық шағым жазамын деген адвокаттың өзі де жазаның өзгере қоярына сенбейді. Ал Хафизовтың мерзімі қамалған күні, 10 мамырдан есептелмек.

Ал педофилді ұстап, таяққа жыққан құрылысшылар әу баста жазалануы мүмкін делінген еді. Алайда бүгін судья қарашадай қызды аман алып қалған 4 азаматты марапаттау туралы Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне өтініш жолдады. Өйткені, жігіттер осы аймақтың тұрғындары екен. Ал марапаттау  ақшалай не басқалай боларын  әкімдік пен жұмыс беруші шешуі тиіс. 

Соңғы жаңалықтар