Астанада газ алдымен қай ауданға тартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Сарыарқа" газ құбырының бірінші бөлігі (Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана) ағымдағы жылдың соңында аяқталады деген жоспар бар. Алайда оған дейін жергілікті әкімдіктер газды тарату жүйлерін әзірлеуі тиіс. Сонда ғана көгілдір отын тұтынушыларға таратылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, газ құбыры Қызылорданың Қараөзек аулынан бастау алып, алдымен Астанаға, содан соң Көкшетау мен Петропавлға дейін тартылады. "Газ құбыры 2019 жылдың аяғына дейін Астанаға жетеді. Ал магистарль бос тұрмау үшін Қарағанды мен Ақмола облыстары, сондай-ақ Астана әкімдіктері газды тарату желілерін жобалауды тездетуі керек. Біз арнайы жиналыс өткіздік. Осы саладағы жұмыстар басталып жатыр. Әрине, біраз уақыт қажет болады. Дегенмен, газ магистралі Астанаға жеткенде алғашқы тарату жүйелері дайын болады. Қала әкімі де уәде беріп отыр. Газ алдымен жылу электр станциясына, одан кейін Оңтүстік-Шығыс шағын ауданына тартылады. Осының арқасында қаланың экологиясы да жақсарады. Себебі бүгінде жеке тұрғын үй секторы көмір жағып отыр", - деді М.Мырзағалиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. 

Оның айтуынша, газдың нақты бағасы әзірше белгісіз. Алайда алдын ала есепке сәйкес, бір текше метр газдың бағасы 47-50 теңге болады. "Дегенмен, барлығы құрылысқа кеткен ақшаға және берілген қаржының мерзіміне байланысты болмақ", - деп атап көрсетті М.Мырзағалиев.

Айта кетейік, "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы кезінде мыңдаған жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. 

2014 жылы Үкімет Қазақстанды 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын бекітті. Осы схемаға сәйкес газдандыру деңгейін ағымдағы 47%-тен 2030 жылға қарай 56%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл 3 млн адамды немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар