Астанада ғарыш паркінің жобасы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстан елордасында туристерді тарту үшін «Astana Cosmoland» тақырыптық паркі салынатыны хабарланған болатын.

 Оның құрылысы 2020 жылға қарай аяқталуы жоспарлануда. «ҚазАқпарат» ХАА жоба жайлы егжей-тегжейлі мәлімет алу үшін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінді.

Қазақстандағы алғашқы осындай тақырыптық парк Ұлттық ғарыш орталығының аумағына орналасады. Оған қала тұрғындары мен қонақтары отбасымен келіп, аралауына болады.

Паркте қандай нысандар болатыны жөніндегі мәселені инвесторлар қарап жатыр. Қазақстан билігі онда ғарышкерлік музейі, планетарий, обсерватория және 5Dкинотеатр, көптеген интербелсенді аттракциондар, тренажерлар, ойын бөлмелері болуын қалайды. Сондай-ақ паркке келушілер өздерін шынайы ғарышта жүргендей сезінуіне мүмкіндік беретін виртуалды технологиялар зертханалары, конгресс-холл және ғарышкерлер тамағы берілетін дәмхана салынуы жоспарланып отыр. 

Алдын ала есептеулерге қарағанда, әрбір келуші үшін парк бағдарламасының бағасы 2000-нан 6000 теңгеге дейін болады. Жоба құны 4,9 миллиард теңгені құрайтыны жайлы сонау 2010 жылы айтылған еді.

Музей және ашық экспозицияға көзделген алаңның ауданы 1,64 гектарды құрайды. Парк аумағы үлкейтілуі де мүмкін. «Astana Cosmoland» паркінің жобасы Канада, Оңтүстік Корея, Малайзия және Қытай елдерінің инвесторларына таныстырылды. Сонымен қатар Қызылорда облысы және Астана қаласы әкімдіктерімен де келіссөздер жүргізілуде.

Министрліктегілер «Astana Cosmoland» Франция, АҚШ, Германия, Канада, Ресей, Қытай, Ұлыбритания елдеріндегі ғарыш парктерімен қатар әлемдегі алдыңғы қатарлы мәдени-ойын-сауық тақырыптық орталықтарының үздік ондығына кіретініне сенімді. Бұл Астана мен «Байқоңыр» кешеніне ғаламшардың түкпір-түкпірінен келетін туристер санын арттыруға септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар