Астанада емханалардың ішкі бөлігіне бірыңғай интерьер енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында емханалардың ішкі интерьерін өзгерту туралы ұсыныс әзірленді. Негізгі мақсат - дәрігерлерге келетін пациенттерге барынша ыңғайлы жағдай жасау әрі медициналық қызметтердің сапасын арттыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба жетекшісі Жазира Жылқишиеваның айтуынша, екі айдың ішінде сарапшы мамандар әрбір дәрігердің жүктемесін зерделеп шықты. Тіпті, емхананың кіреберісі мен кабинеттің интерьеріне де талдау жасады. Себебі дәрігердің жүктемесінен бастап емхананың интерьеріне дейінгі мәселелер медициналық қызметтің сапасына әсер етеді.

«Мысалы, емханада бесік арбаны қай жерге қою қажет? Соған дейін талдау жасадық. Емханаға науқас адамдар жиі барады. Олар үшін айналадағы жағдай да ыңғайлы болуы қажет. Соның арқасында медициналық қызметтің сапасы да артады. Сосын логотип пен бірыңғай интерьер не үшін керек? Себебі емханалардың басқа медициналық мекемелерден өзгешелігі болуы қажет. Алдағы уақытта ол жерде ақпараттық киоскілер орнатылады. Регистратура да жұмыс істей береді. Негізі, оның барлығы цифрландыру шаралары аясында жасалады. Біз емханадағы жағдайлар халыққа барынша ыңғайлы болсын деп, өз ұсыныстарымызды жасап отырмыз», - деді Ж. Жылқишиева журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, емханалардың интерьерін өзгерту үшін қосымша қаражат бөлудің қажеті жоқ. Себебі аталған шығындардың барлығы бюджетте қарастырылған.

«Екі айдың ішінде біз емханалардың жұмысын жан-жақты зерделеп шықтық. Себебі емханаға азаматтар жиі барады. Мамырдың аяғында қала әкімдігі жаңартылған бір емхананың базасында үлкен республикалық семинар өткізеді. Сол жерде жаңа интерьер де таныстырылатын шығар. Егер ол бастама жақсы нәтиже көрсететін болса, біз оны барлық өңірлерге тарататын боламыз», - деп атап көрсетті Ж. Жылқишиева.

Айта кетейік, бүгін Астана әкімдігінде өткен кеңесте емханалардың логотипі де таныстырды. Аталған шарада «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында атқарылған екі айлық жұмыстың нәтижесі қаралды.

Соңғы жаңалықтар