Астанада Елбасына «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы таныстырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесінің жұмысы басталды. Осы орайда Мемлекет басшысына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы таныстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ бірлесіп өткізуде. Оның аясында мемлекеттік органдардың, отандық компаниялар мен ұйымдардың 30-дан астам АТ-жобалары ұсынылады.

Белгілі болғандай, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Интернетке кеңжолақты қолжетімдік» тақырыбында баяндайды. Қазіргі кезде елді мекендерге байланыстың оптикалық-талшықты желісін тарту іске асырылуда, жобаны 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, министр ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін (ASTANA.HUB) құру туралы айтып береді.

Бұдан бөлек, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Цифрлық кеніш» жобасы жайында баяндайды деп күтілуде. Сонымен қатар ведомство басшысы «4.0. модельдік фабрикаларын құру», «Цифрлық каска» мен «Зияткерлік көлік жүйесі» таныстырылымдарын жасайды.

Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Білім беру контентін цифрландыру» тақырыбында сөз сөйлеуі қарастырылған.

Өз кезегінде Астана әкімі Әсет Исекешев «Smart city» бағытындағы қадамдарды таныстырады. Бұл ретте қала көшелерін жарықтандыру жүйесі, елордадағы бейнебақылау жүйесі жайында толық мәлімет бермек.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов «Tlab отындық вирусқа қарсы шешім», «Сыншыл инфрақұрылымды қорғау» және «Кеңістік деректерінің ұлттық инфрақұрылымы» баяндамасын жасайды деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар