Астанада ЭКСПО-2017 аясында Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер конкурсы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында осымен тоғызыншы рет Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер конкурсы өтпек, деп хабарлайды «Мирас» Мәдениеттің қоғамдық ұлттық қоры» Қоғамдық қоры.

Қор өкілдері таратқан ақпараттарға қарағанда, халықаралық вокалистер конкурсы жастарымыздың назарын классикалық және халық музыкасына тартуды мақсат етеді. Конкурс дарынды жас орындаушылардың беделін асқақтатып, жастарымыздың рухани дамуына септігін тигізбек. Қазақ музыкасының таңдаулы үлгілерін орындау мәдениетін қайта жаңғыртып, Қазақстан композиторлары шығармаларын дәріптеуге қызмет атқарады.

Іріктеу және ақтық кезең 2017 жылдың 5 қыркүйегінен бастап, 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтеді. Салтанатты ашылу шарасы 2017 жылы 5 қыркүйегі күні сағат 18-30-да Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиялық филармониясының Астана концерт залында болады. Конкурстың жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 2017 жылдың 10 қыркүйегінде «Қазақстан» ОКЗ сахнасында, сағат 18-30-да басталады.

Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, таяу және алыс шет елдерден опера өнерінің хас таланттары жиналады. Бибігүл Төлегенованың IX халықаралық вокалистер конкурсы Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше концерт ұйымдастырмақ. Конкурсқа 1985 жылы 1 қазаннан ерте емес және 1998 жылы 1 қазаннан кеш емес туған әнші қыз-жігіттер қатыса алады. Конкурстық сынақ іріктеу және ақтық кезеңдерінен тұрады. Барлық тыңдаулар көпшілік алдында өткізіледі. Өнер көрсету тәртібі жеребе тастау арқылы анықталып, конкурс соңына дейін сақталады. Ақтық турға 12-14 өнерпаз қатыстырылады. Конкурсқа қатысушылардың өнерін беделді әрі кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Конкурстың қазылар төрағасы - КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлық лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.

Қазылар құрамына Бибігүл Төлегенованың I-VIII халықаралық вокалистер конкурсының бас жүлде иегерлері мен лауреаттары кіреді:

1. Талғат Мұсабаев - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңген қайраткері , «Астана опера» опера және балет театрының жетекші солисті, Халықаралық конкурстар лауреаты, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы;

2. Альфия Каримова - Башқұртстан Республикасының Еңбек сіңген артисі, «Астана опера» опера және балет театрының жетекші солисі, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы;

3. Азамат Желтұрғызов - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңген қайраткері, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Астана қаласы әкімінің Мемлекеттік Академиялық филармониясының солисі, Қазақ ҰӨУ «Вокал өнері және хорды дирижирлік ету» кафедрасының профессоры.

4. Сүндет Байғожин - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңген қайраткері, Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Астана опера» опера және балет театрының жетекші солисі, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы;

5. Рамиз Усманов - Өзбекстанның халық әртісі, Халықаралық конкурстардың лауреаты, А.Навои атындағы МАҮТ солисті, Өзбекстан, Ташкент қаласы;

6. Дина Хамзина - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңген қайраткері, Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Астана опера» опера және балет театрының жетекші солисті, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы;

Конкурстың жауапты хатшысы: Раиса Рузавина - Ресей Мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері, Ресей, Мәскеу қаласы;

Жас әншілердің өнерінн халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Конкурстың негізгі ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, «Мирас» Мәдениеттің қоғамдық ұлттық қоры» Қоғамдық қоры.

Соңғы жаңалықтар