Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтіп жатыр

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің «Бастау» шығармашылық кеші елордадағы «Астана Арена» стадионында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші кезекте ҚР Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, Димашқа сәттілік тіледі. Ән кеші Димаштың орындауында «Қазақстаным» және «Сәлем» әнімен ашылды.

«Ассалаумағалейкум, көпшілік. Бүгін менің арманым орындалып жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандармен бірге кеш өткізсем деп армандайтынмын. Сол арманым сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жүзеге асып жатыр. Қазақта жақсы сөз бар, «жылқы жылы болғаннан кейін бе, топты жарғым келіп тұрады» дегендей, сіздердің ықыластарыңыз үшін барымды саламын. Қош келдіңіздер», - деді Димаш.

Айта кетейік, «Бастау» концертіне Қытай және Ресей елінен жанкүйерлер көптеп келген. Сондай-ақ, бұл кеште Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, Евровидение-2012 байқауының жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор, Кристина Орбакайте (Ресей) және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы да өнер көрсететін болады.

Әншінің әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев концерт 100 пайыз жанды дауыста өтетіндігін хабарлаған болатын. 

«Концерт жалпы бес бөлімнен тұрады. Димаш бес бөлімде бес түрлі костюммен шығады. Көптеген жаңа әндер орындалады. Қазіргі мәліметте, билеттер негізінен сатылып болған. Сатып алушылардың негізгі бөлігі Қазақстандық жанкүйерлер. Ал шетелдік қонақтардың көшін Қытай елі мен Ресей бастап тұр. Сонымен бірге  Еуропадан және ТМД елдерінен келген жанкүйерлер бар», - деген болатын Қанат Айтбаев баспасөз мәслихатында.

null 

Соңғы жаңалықтар