Астанада бойжеткенді бұзақыдан құтқарған офицер марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық гвардияның бас қолбасшылығында ұрыны ізін суытпай ұстаған офицер Тимур Рахымовқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық гвардияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Болған оқиға туралы Т.Рахымов ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді: «Алғашында қыз бен жігіт арасындағы қарапайым кикілжің деп ойладым. Бірақ жұлыса бастаған екеуін көріп, жігіттің пиғылы нашар екенін аңғардым. Айғай салып едім, жігіт қаша жөнелді. «Тоқта» дегеніме қарамады, бір шақырымдай артынан қууға тура келді. Қалың жауған қардың үстімен оған жетіп алып, қозғалтпай күзетіп отырдым. Оның қолында пышақ немесе тапанша болуы мүмкін деп ойладым».

Салтанатты шарада қылмыскерді ұстауда қырағылық, батылдық пен табандылық танытқаны үшін майор Рахымов Тимур ҚР Ұлттық гвардиясының Бас қолбасшысының бұйрығымен «Құқық қорғау әскеріне - 25 жыл» медалімен марапатталды.

Зардап шеккен қыздың ағасы Марат Көшербай сөз сөйлеп, офицерге алғыс білдірді.

Гвардия сардары өзінің әрекетін асқан ерлік деп санамайды, оның орнында болған әрбір әскери қызметші немесе ер азамат осындай қадамға барады деп есептейтіндігін айтты.

«Бір секунд та ойланған жоқпын. Біз халыққа қызмет етеміз. Елді қорғау - әрбір әскери қызметшінің парызы. Ұлттық ұланның әскери қызметшісінде бұл жауапкершіліктің жүгі екі есе ауыр. Менің бұл әрекетім өзге де әскерилерге үлгі болар деген сенімдемін», - деді ол.

Тимур Рахымов елордалық әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша командирінің орынбасары болып қызмет етеді. Құрмет көрсету шарасына ол жұбайымен және қос ұлымен келді.

Соңғы жаңалықтар