Астанада биыл Ұлы Дала даңғылының құрылысы басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада биыл және келесі жылы екі үлкен даңғылдың құрылысы басталады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінде қалалық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин мәлім етті. Оның айтуынша, биыл елордада ұзындығы 23,4 шақырым болатын, құрамына 87,5 шақырым инженерлік желілер кіретін 11 көше салынған. Атап айтқанда, Қ. Аманжолов көшесінен бастап «Нұрлы жол» темір жол вокзалына дейінгі А. Байтұрсынов көшесі, Қ.Аманжолов көшесінен бастап жаңа «Нұрлы жол» темір жол вокзалына дейінгі Ж. Нәжімеденов көшесі, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы аумағындағы А62 көшесі, Қабанбай батыр даңғылынан бастап Мәңгілік ел даңғылына дейінгі учаскедегі №24 көшесі, Орынбор көшесінен бастап Керей-Жәнібек хандар көшесіне дейінгі учаскедегі Түркістан және Ақмешіт көшелері бойынша және тағы сол секілді көшелер бойынша жұмыстар жүргізілген.

Сонымен қатар, Кіші айналма жол шеңберінде ұзындығы 3 шақырым болатын, Орынбор көшесінен бастап (бұрынғы Сығанақ) Ұлы Дала даңғылына дейінгі (бұрынғы Хусейн мен Талал көшесі) Ш.Бейсекова көшесін салу жұмыстары жалғаспақ. Ш.Бейсекова көшесінен бастап Тұран даңғылына дейінгі учаскеде Ұлы Дала даңғылының құрылысы басталатын болады. Аталған жұмыс Тұран мен Қабанбай батыр даңғылындағы көлік шиеленісін азайтуға мүмкіндік береді.

«Биылғы жылы Тәуелсіздік даңғылынан бастап Ш.Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскедегі Ұлы Дала даңғылының құрылысы, келесі жылдан бастап №46 көшеден бастап №31 көшеге дейінгі учаскедегі Тәуелсіздік даңғылының құрылысы басталатын болады. Бұл 10 мың автокөлікке жаңа әкімшілік орталықтан өтпей Мәңгілік ел даңғылы бойынша қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіне жетуге мүмкіндік береді», - дейді Асхат Қарағойшин.

Соңғы жаңалықтар