Астанада бірқатар мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көбейеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік қызметі стері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа жоба жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, төмен еңбекақы мәселесі жемқорлық жасауға итермелейтін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Мәселен, қылмыстық тергеуге түскен мемлекеттік мекеме басшыларының 90 проценті облыстық (28%) және аудандық (63%) деңгейдегі басшылар болып шыққан.

Бұл ретте өңірлік басшылардың еңбекақылары мен оларға сеніп тапсырылған бюджеттік қаражат көлемі салыстыруға келмейді. Мысалы, 146 мың теңге айлық алатын облыстық басқарма басшысы 3 миллиардтан астам теңгені игеруді көздейтін бюджеттік бағдарламаға әкімші болады.

«Тағы бір мысал, экология басқармасының бас маманы экологиялық заңнаманы бұзған компанияға 1 миллионнан астам теңгеге айыппұл сала алады. Ал компания маманның бұйрық жазбауы үшін, пара беріп құтылады. Енді жемқорлық қаупі жоғары лауазымдарды анықтап, ондағы қызметкерлердің еңбекақыларын көтеруді ұсынамыз. Қосымша қаражат қажет емес, барлығы бюджет шеңберінде болуы тиіс», - деп атап өтті Жылқышиева.

Оның айтуынша, мұндай лауазымдардың тізімін құру қажеттілігі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген.

Еңбекақыны көтеру бойынша пилоттық жоба агенттіктің, Әділет министрлігінің,  Маңғыстау облысы және Астана қаласы әкімдіктерінің құрылымына енгізілді. Жобалық кеңсе қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады.

Еске сала кетсек, елордада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана әкімдігімен бірлескен «Астана - адалдық алаңы» жобасы бастау алды. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «Астана  адалдық алаңы» жобасының жарғысына салтанатты түрде қол қойды.

Соңғы жаңалықтар