Астанада бірде-бір лифтінің құлау фактісі тіркелген жоқ - әкімдік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Астана қаласында тозығы жетіп, ескірген 63 жеделсаты қондырғысы толығымен алмастыруды қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

«Жүргізілген мониторингтің көрсеткіші бойынша, 2020 жылға қарай Астанада пайдалану мерзімі аяқталған жеделсатылардың саны 108-ге жетпек, ал 2025 жылы 300-ге жуықтайды. Елордадағы барлық жеделсатыларға мониторинг жүргізіліп отырғандықтан, ПИК-терді тұрғындарды алдын ала құлақтандырып, керек болған жағдайда жөндеуге қажет қаржыны жинау туралы ескертіп отырамыз», - дейді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Әлихан Қуатбеков.

Сондай-ақ ол лифтілердің пайдалану мерзімі орташа есеппен 25 жылды құрайтынын айтты.

«Осы аралықта жеделсаты компаниясы қондырғыларға кемінде екі рет толық жөндеу жүргізуі тиіс. Бұл жұмысты өз тарапынан ПИК қадағалауы қажет. Өкінішке қарай қаладағы ПИК-тің 95 пайызы бұл жұмысқа селқос қарайды. Мәселенің соңы жеделсатылардың төтенше жағдайда тоқтауына әкеліп соғуда», - деді Ә.Қуатбеков.

Бүгінде Астанада 6 577 жеделсаты қондырғысына қызмет көрсететін 69 компания бар. Оның 4 879 жеделсатысы тұрғын үйлерде, 1 728 әкімшілік ғимараттарда орналасқан. 

Сондай-ақ Тұрғын үй инспекциясы басқармасы Астанада бірде-бір жеделсатының құлау фактісі тіркелмегенін атап өтті.

«Кейінгі кездері БАҚ беттерінде тұрғын үй кешендерінде төтенше жағдайда тоқтап қалған жеделсатыларға қатысты бірқатар ақпарат жарияланған болатын. Тіпті кейбірінде жеделсаты құлағаны жазылды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Астанада соңғы жылдары бірде-бір жеделсатының құлау фактісі тіркелген жоқ. Тек апатты жағдайда тоқтап қалған кездер болды. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей», - деді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Ә.Қуатбеков.

«Заманауи жеделсатылардың құлауы мүмкін емес: олар сақтандыру тетіктерімен жабдықталған, яғни, сынатын кезде белгі береді әрі құрылғы автоматты түрде тоқтап қалады. Ондай жағдайларда қызмет көрсететін компаниялар бірден сынған құрылғыны қайта қалпына келтіріп, уақытында регламентті жұмыстарды жүргізулері қажет әрі тозығы жеткен бөлшектерді жаңасына ауыстырулары міндет», - деді ол.

Мониторинг нәтижесі көрсетіп отырғандай соңғы уақытта тұрғын үй кешендеріндегі жеделсатылардың апатты жағдайда тоқтап қалуы қондырғының сын көтермейтін жалпы жағдайы, оларды орнату мен қызмет көрсетумен айналысатын компаниялармен байланысты.

«Соңғы жағдай - «Айя» ТК-дегі жеделсатыда балаларды қоса алғанда алты адам апат салдарынан қамалып қалды. Белгілі болғандай, жеделсатыға жекеменшік компания қызметтерін көрсетпеген», - деді Ә.Қуатбеов.

Сонымен қатар, мәлім болғандай Астанада жеделсаты компанияларының жұмысын бақылау бойынша инспекция құрылатын болады.

«Қолданыстағы заңдағы қайшылықтарға байланысты біз олардың жұмысын бақылай алмаймыз. Жеделсаты компанияларына ықпал етуге құзырлы емеспіз. Осыған орай Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігіне біздің ведомствоға бақылау қызметін беруін сұрап өтініш жолдадық. Бүгінде осы мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Әлихан Қуатбеков.

Оның мәліметінше, таяуда Астана әкімдігінде жиын өткізіліп, онда тұрғын үй -техникалық инспекциясын құру мәселесі көтерілген. Сонымен бірге Астанада барлық жеделсаты қондырғыларына мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

«Жеделсатылардың техникалық жағдайы мен ПИК-дің процедуралық міндеттемелерін қалай орындап жатқанын әрі жеделсаты компанияларының жұмыс регламентін тексермек ниеттеміз. Аталған талдама елордадағы жеделсатылардың жалпы жағдайын анықтауға және компания мен ПИК-дің мәселені шешудегі жауапкерлігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл кешенді үлкен жұмыс, жақын арада іске кірісеміз», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар