Астанада бейтаныс ер адам балабақшадан сәби ұрламақ болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті бейтаныс ер адамның балабақшадан бүлдіршінді алып кетпек болғаны туралы мән-жайды анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға туралы Фейсбук қолданушыларының бірі Anasstasia Morozova жазды.

Анықталғандай, тәрбиеші баланың әжесіне оның немересін бейтаныс ер адамның алып кеткісі келгенін хабарлаған. Ер адам тәрбиешіге қыздың анасы сырттағы көлікте күтіп отырғанын айтып, бүлдіршінді өзімен алып кетпек болған.

«Күдігі туған балабақша қызметкері Лананың ата-анасынан түскен қоңырауды тексеру үшін ұялы телефонын тексеруге кеткен. Бірақ, ата-анадан ешқандай хабарлама болмаған. Тәрбиеші холлға қайтып келгенде, күмәнді ер адам мен көшедегі көлік ізім-ғайым жоғалған. Мекеме меңгерушісіне хабар беріліп, полиция жасағы шақырылды. Бейнекамера жазбалары тексерілді, алайда ер адамның түрін анықтау мүмкін болмады. Дегенмен, куә болғандардың айтуымен фоторобот жасалуда», - деп жазды ол.

ІІД баспасөз қызметі шағым бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

«Шағым бойынша тексеру жұмыстары және күдіктіні анықтау бойынша жедел шаралар жүріп жатыр.  Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп жауап берді баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар