Астанада «Балет. Бекзада өнер бесігі» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада балет өнеріне қадам басқан жас өрендердің өмірін суреттейтін «Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Деректі «Qazaqstan» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген.

«Біздің ұжым жалпы деректі туындыларға, оның ішінде деректі журналистикаға ерекше мән береді. Биыл бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Мәселен, тарихи тұлғалар туралы түсірілген «Ұлы дала ұлағаты», Қазақстанның көркем табиғатын паш ететін «Киелі Қазақстан» және басқа да деректі туындыларды жарыққа шығарудамыз. Бүгін назарларыңызға «Балет. Бекзада өнер бесігі»  туындысын ұсынып отрмыз. Бұл Елбасының идеясымен жүзеге асқан мәдени нысандар жайлы деректі фильмдер топтамасының алғашқы туындысы. Жобамыздың мақсаты - Қазақстанның мәдени өмірі мен жетістіктерін насихаттау», - дейді Арман Әшімов деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ал фильмнің авторы және продюсері Динара Сәтжанның айтуынша, фильмнің басты кейіпкерлері - Әли, Тамила және Кәмила ойнайтын фильм Қазақ ұлттық хореография академиясы мен балалар туып өскен Тараз қаласы және ШҚО-ның Глубокое ауданында түсірілген.

«Туынды балет өнеріне жаңадан қадам басқан жас жеткіншектердің шынайы өмірін суреттейді. Осы фильм арқылы Қазақ ұлттық хореография академиясының өнерпаздарының бір күнін тамашалауға болады. Туындының мақсаты - балеттің зор еңбекті талап ететінін көрсете отырып, бұл еңбекке тәрбиелеушілер балаларды 6-7 жасынан бастап дайындайтынын көрсету. Балалар жап-жас болғанына қарамастан, өзінің нақты мақсатын белгілеп қойған. Академиядан еркелікпен үлкеннің мазасын алған бірде-бір баланы көрген емеспін. Онда балалар интернатта тұратындықтан, барлығы өздігімен жауапкершілікті сезінген. Олар 6-7 жасында-ақ өзінің кәсібін таңдап қойған өрендер», - дейді Динара Сәтжан.

Деректі фильм 21-23 қараша аралығында «Kinopark» кинотеатрлар желісіне қарасты Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында көрсетілетін болады. Барлық келушілерге туындыны тегін тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар