Астанада аяз басталғалы 7 көлік өртенді

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше күнде елордада 7 көлік өртенді. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«20-22 қаңтар күндері Астана қаласының аумағында көлік өртенуінің 7  дерегі тіркелді. 5 көліктің электр сымдары жүйесі қысқа тұйықталғанымен өрт шыққан жоқ. Нақты айтар болсақ, тек 22 қаңтар күні ғана сағат 07-31-ден 17-40-қа дейін қаланың екі ауданында «ToyotaLandCruiserPrado», «AudiА6», «Hyundai Elantra», «Volkswagen Transporter», «Toyota Carina» көліктері өртенді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», - деді Руслан Иманқұлов.

Оның айтуынша, көліктердің өртенуіне электр сымдары жүйесіндегі ақаулар мен қозғалтқышты қыздыру үшін от пайдалану негізгі себеп болып  отыр.

«Көліктегі өрт елеусіз басталуымен өте қауіпті. Бұған қоса, өрттің таралуы өте жылдам жүреді. Егер өрт шықса, онда ең алдымен мүмкіндігінше көлікті адамдар мен нысандардан алысырақ тоқтау қажет. Содан кейін қозғалтқышты өшіріп, жолаушыларды түсіріп, қол тежегішті іске қосып,  барлық құжаттарды алып, көліктен шығу қажет. Бұл орайда көлік салонында 90 секундтан арттық болмау да өте маңызды», - деп кеңес береді ТЖК өкілі.

Оның айтуынша,  көліктен шыққаннан кейін өрттің қай жерден басталғанын табуға тырысқан жөн. Егер от бензин багына тақау болса, онда бірден қауіпсіз аралыққа қашқан дұрыс. Өйткені, кез келген секундта жарылыс орын алуы ықтимал. Ал өрт капот астында болса, онда оны барынша абайлап ашу керек. Себебі ауа кірген кезде өрт күшейіп кетуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар