Астанада аудан әкімінің бұрынғы орынбасары 9 жылға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Риза Акчурин 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

«Акчурин Риза Әнуарұлына мүлкін тәркілей отырып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық жолмен алынған Toyota Highlander маркалы көлігі тәркіленсін», - делінген № 2 Сарыарқа аудандық сотының үкімінде.

Сондай-ақ ол мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда лауазымды қызметтерді иелену құқығынан өмір бойына айырылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемесінде өтейтін болады.

Іс материалдарына сәйкес, Риза Акчурин бюджеттің 122 млн теңгесін жымқырған.

«Акчурин Р.Ә. мемлекеттік функцияларды атқаруға өкілетті лауазымды тұлға бола тұра, 2015-2016 жылдары жалпы сомасы 122 127 221,4 теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды. Осылайша, лауазымды қызметін пайдалана отырып, адамдардың бір тобымен алдын ала сөз байласып, сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемденген», - делінген үкімде.

Атап өтілгендей, аса ірі көлемдегі мемлекет қаражаты «СБС-Снаб Сервис» ЖШС және «Install СервисCom» ЖШС компанияларын пайдалана отырып иемделген.

Еске салайық, Риза Акчурин 2017 жылдың қаңтар айында ұсталған болатын. Оған Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана Тазалық» ЖШС-ның бас директоры А.Басқанбаевпен қылмыстық ымыраға келе отырып, «СБС-Снаб-Сервис» және «Install Service Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестерін құрған және 2016 жылы 1,8 млрд. теңге сомаға мемлекеттік сатып алулар конкурсын жеңіп алуларын заңсыз қамтамасыз етті деген күдік келтірілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар