Астанада аудан әкімдерінің есептік кездесулері өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 қаңтарда аудан әкімдерінің халықпен дәстүрлі түрде есеп беру кездесуі басталды. 

Осы күні «Есіл» ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ең алдымен «BI Group» еңбек ұжымымен кездесуден бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«BI Group» 250-ден аса қызметкері № 76 мектеп-лицейге «Есіл» ауданының әкімімен кездесуге жиналды. Жиынға коммуналдық қызмет, мердігер ұйымдар, Астана әкімдігі басқармасының басшылары, ауданның мемлекеттік құрылымындағы өкілдері де қатысты.

Есептік кездесу барысында аудан басшысы өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2018 жылғы басты тапсырмаларын баяндап өтті. Ауданның тазалық мәселесі, жол-транспорт инфрақұрылымы, жолдарды жөндеу, құрылыс, жолаушылар тасымалдау, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, денсаулық, білім саласының қорытындылары шығарылды.

«Есеп беру кезеңіне дейін «Есіл» ауданы әкімінің аппаратына тұрғындардан 10 мыңнан аса арыз-шағым келіп түскен. Бұл өтініштердің бәрі де аудан басшылығының жеке қабылдауына, қала, аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында қабылданды. Сондай-ақ, еліміздің цифрлық кезеңге аяқ басуына орай, тұрғындар өтініш, шағымдарын сайт пен әлеуметтік желілер арқылы да бере бастады. Қысқасы, барлық шағым, арыздар бойынша іс-шара қолданып, түсініктеме берілді. Сонымен бірге, күн сайын тұрғын үй кешені мен алаптарының бастамашыл топтарымен кездесу өткізіп, көптеген мәселе шешімін тапты. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасын табады», - деді Е.Бөлекпаев.

«Есіл» ауданының халық саны 189 мың 330 адам, бұл өткен жылмен салыстырып қарағанда 21% көп, яғни аудан құрылғалы тұрғындар саны үш есеге көбейген.

Есептік кездесудің қорытындысын шығарған Ермағанбет Бөлекпаев жүргізілген жұмыстардың барлығы да алға қойған тапсырмаларды шешуге және әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталғандығын айтты.

Есептік кездесуден кейін қатысушылар тікелей аудан әкіміне сұрақ қоюға көшті. Онда ауданды көріктендіру мәселесі мен аула территориясы туралы сұрақ қозғалды.

Тұрғындар кездесуде қарды дер кезінде сыртқа шығару, көшелерді жарықтандыру, аула территориясын абаттандыру, жолдарды жөндеу, ауданның балансына қарасты аулаларды жарықтандыру мәселесін көтерді.

Аудан әкімі қатысып отырғандарға қойылған сұрақтардың бәрі бақылауға алынып, тиісті қалалық басқармаларға жөнелтетінін және мүмкіндігінше шешетінін айтты.

Айта кетейік, аудан басшыларының халықпен есеп беру кездесулері басталды, ол 2018 жылдың 2 ақпанына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар