Астанада «ашық аспан» принципін сақтауды ұсынамыз - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жеті жылдың ішінде әуе қатынасымен Қазақстан арқылы өтетін жолаушылардың саны 20 есеге өсті. 2010 жылы аталған көрсеткіш 20 мың болса, өткен жылы 478 мың адамға жетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан арқылы қытайлықтар Еуропаға, Ресей мен Түркияға жиі барып жүреді. Бұдан бөлек, Еуропадан Үндістанға, Украинадан Өзбекстанға, Қырғызстаннан Оңтүстік Кореяға барып жүргендердің саны артып келеді. «Жылдың аяғына дейін Қазақстан арқылы өтетін әуе қатынасымен өтетін транзиттік жолаушылардың жалпы саны 600 мыңға жетеді деген болжам бар. Ал 2020 жылға дейін 1,6 млн-ға жетеді. «Эйр Астананың» мәліметі бойынша бір транзиттік жолаушы Қазақстанда 250 доллардай қалдырып кетеді. Оның ішінде қонақ үй, тамақтану және тағы басқа шығындары бар», - деді Жеңіс Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде ЭКСПО аясында Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін 72 сағатқа дейін визасыз режим пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Сондай-ақ, көрме кезінде Еуропалық одақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және басқа да мемлекеттер үшін енгізілген визасыз режимнің арқасында туристердің саны артып отыр. «ЭКСПО аясында Астанада ашық аспан жүйесі енгізілді. Ол да - пилоттық жоба. Шетелдік компаниялар үшін барлық шектеулерді алып тастады. Жыл басынан бері Астанадан тоғыз жаңа xалықаралық рейс ашылды. Осы орайда біз қазіргі тәжірибені жалғастырып, келесі жылы да Астана үшін «ашық аспан» принципін сақтауды ұсынамыз», - деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, отырыс барысында министр келесі жылдан бастап азаматтық авиация отандық керосинмен толығымен қамтамасыз етілетінін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар