Астанада әрбір көшеттің паспорты болуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ағаш-көшеттердің реестрін құру ұсынылды. Бұл туралы 21 ақпан күні бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында елорда бойынша ревизиялық комиссияның төрағасы Ғалымжан Молдаш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

«Астана қаласында отырғызылған көшеттердің саны мен құрамы туралы кешенді мәліметтер жоқ», - деді Ғалымжан Молдаш.

Оның айтуынша, тиісті есептің болмауы бюджет қаржысын және мемлекет активін тиімді пайдалануда өз әсерін тигізіп отыр. Ал жекелеген жағдайларда олардың шығынына алып келуде.

«Мысалға, Алматы ауданында құзырлы органның тиісті рұқсатынсыз 3350 ағаш сүрілді. Бұл ретте, шығынның құнына баға жүргізу мүмкін емес. Себебі жойылған ағаштар баланста жоқ», - деді ол.

Ревизиялық комиссия төрағасының сөзіне сүйенсек, мұндай тізілім ағаштар мен көшеттерді күтіп-бағуға жұмсалатын шығынды анықтауға мүмкіндік берер еді.

«Былайша айтқанда, бұл әрбір ағаштың паспорты. Онда оның түрі бойынша ерекшелігі, тамыр жүйесі, биіктігі және тағы басқасы жазылады. Бұл ғылыми құжат десе болады. Ағашқа номер мен штрих-код беріледі. Тізілімге қарап, тыңайтқышқа, суаруға, қандай да бір реагенттерге жұмсалатын шығындарды есептеп шығаруға болады. Тізілім болса, барлық шығындарды есептеуде ашықтық болар еді», - деді Ғалымжан Молдаш.

Оның атап өтуінше, ағаштардың тізілімі Қазақстан заңнамасында жазып көрсетілген. Бірақ бұл жұмыстың атқарылуына кім жауап беруі тиістігі белгісіз.

Соңғы жаңалықтар