Астанада ақмолалық əртістердің гала-концерті өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндері аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына облыстық филармонияның кәсіби ұжымдары, ең үздік шығармашылық көркемөнерпаздар үйірмелері гала-концертін ұсынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрында өтіп жатқан шараға Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-ы Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов жəне ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Гала-концертте халық аспаптары оркестрі И.Штраустың «Марш Радецкого», саксофонистер квартеті А.Пьяццолланың «Либертанто» композициясын орындаса, бірлескен шығармашылық ұжымдар «Халықтар достығы» хореографиялық биін көрсетті.
Жалпы, Ақмола облысының мәдениет күндері аясында көкше жерінен келген 1500-ден астам əртістер астаналықтарға өз өнерлерін ұсынатын болады.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы 21 маусымда кешкі сағат 19.00-де Астана қалалық әкімдігі алдындағы алаңда өтеді.



Сондай-ақ, 23 маусым күні сағат 11.00-17.00 аралығында «2017.EXPO.AKMOLA» әдеби саябағында өтетін («Отан қорғаушылар» монументі алдындағы «Парус» сахнасы) «Ақмола жұлдыздары» гала-концерті, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де өз мазмұндылығымен ерекшеленетіндігі айдан анық.

22-25 маусым күндері этноауылдағы сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін думаны бір тынбайтын театрландырылған мәдени көпшілік іс-шараларда Көкшетау қаласының, Бурабай, Шортанды және Қорғалжын аудандарының көркемсурет шеберханаларының мамандары шеберлік кластарын өткізсе, «Қазанат» ипподромында «БЛЭК» серіктестігі өзінің ұлттық нақыштағы қазақы бұйымдарын ұсынады. Осы ипподромда 22 маусымда күні бойы өтетін облыстық шығармашылық ұжымдарының «Дала сыры» атты концерті де тыңдарман қауымды бейжай қалдырмасы анық.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған мәдениет күндеріне облысымыздағы қос театр да бірқатар танымал қойылымдарымен бара жатыр. Атап айтқанда, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 23 маусым күні кешкі сағат 19.00-де Астананың талғампаз өнерсүйер қауымына белгілі драматург, жерлесіміз Ш.Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегі» драмасын ұсынса, 24 маусымда кешкі сағат 18.00-де этноауылдағы амфитеатрда «Көкше әуендері» концерттік бағдарламасымен екінші қайтара киелі сахнаға шығады.

Ал, облыстық орыс драма театрының репертуарынан 23 маусымда кешкілік М.Горький атындағы орыс драма театрында көрсетілетін заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясы және дәл сол күні күндізгі сағат 12.00-де этноауылдағы амфитеатрда Мұхтар Шахановтың повесі бойынша қойылатын «Шыңғысхан» рок-операсын атап өтуге болады.

Соңғы жаңалықтар