Астанада әкелер форумы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 қазанда  Оқушылар сарайында Астана әкімдігінің қолдауымен әкелердің қалалық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің медиа орталығына  сілтеме жасап.

Форумға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, елорда мектептерінің бетке ұстар оқушылары қатысты.

Биыл шара еркін форматта өткізілген болатын. Қатысушылар өзін қызықтырған сұраққа бірден жауап алды.

«Біз өзекті деген бірнеше мәселені көтердік. Бұл - өскелең ұрпаққа тәрбие беру проблемасымен, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуымен, жаңа технологиялардың балалардың дамуына әсер етуімен байланысты сұрақтар. Біздің басты мақсатымыз - тәрбие саласындағы біліммен, тәжірибемен бөлісу», - деді форум барысында сөз сөйлеген Астана қаласы білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Дулат Жекебаев.

Кездесу  балаларды тәрбиелеу ісіндегі әкелердің мәртебесі мен жауапкершілігін жоғарылатып, отбасылық құндылықтардың дамуы мен нығаюына септігін тигізді. Әкелер одағының төрағасы Қуаныш Жұматаевтың атап өтуінше, тәжірибе жүзінде өткізілетін мұндай форумдар әкелер үшінғана емес, аналар үшін де маңызды.

«Бүгінгі күні біздің одақта 17 белсенді әке бар. Алайда ел бойынша қатарымыздағы әкелердің саны бұдан бірнеше есе артық. Республиканың 8 қаласында біздің одақтың өкілдері бар. Қазір біз 15 мыңға тарта адамды қамтып отырмыз. Олар бізді біледі де, қолдайды да», - деді Қуаныш Жұматаев.

Қалалық әкелер форумын білім беру басқармасы 2015 жылдан өткізіп келеді. Оны өткізу жөніндегі идея осыдан 5 жыл бұрын Астана қаласының №59 мектебінде көтерілген еді. 

Соңғы жаңалықтар