Астанада 480 іс сот процестерінен тыс шешілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артты.

Бұл туралы Астана қ. мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Айгүл Жамансариева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2015 жылы медиативті келісім көмегімен 136 іс аяқталса, биыл сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 480-ге жетті. Сөзсіз, бұл оң өзгеріс, себебі сот жүйесі адамдардың бітімгершілікке келуіне, ымыраласуына бағытталған. Енді бұл процеске судья да қатысады», - деп атап өтті Жамансариева Астанада өткен брифинг барысында.

Судья 2016 жылдың 1 қаңтарынан Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі жаңа ережелерге байланысты сот анықтамаларымен бекітілген медиативті келісім тұжырымына қатысты істердің көлемі ұлғайғанын айтты.

«Жаңа азаматтық іс жүргізу кодексінің міндеттерінің бірі - тараптардың ымыраға келуіне жәрдемдесу, сонымен бірге медиация рәсімімен кәсіби медиаторлар ғана айналыспайды, тараптардың өтініші де назарға алынатын болады. Өздеріңіз білетіндей, іс медиативтік немесе бейбіт келісіммен бітсе, мемлекеттік баждың қайтарылатыны заңда қарастырылған. Жыл басынан  бұл үрдіс ретінде байқалуда», - деді спикер.

Медиация - бұл Қазақстандағы жаңа үрдістердің бірі және ол халықаралық тәжірибеде қоғамдағы дау-дамайды шешудің ең тиімді әдісі ретінде қолданылады.  Бұл жанжалға қатысы жоқ үшінші тарап - медиатордың қатысуымен өтетін дауды шешудегі баламалы әдістердің бірі. Оның міндеті бітімгершілікті екі тарапқа да құптарлықтай ету. 

Соңғы жаңалықтар