Астанада 4 баланы қаққан жүргізуші айыппұл төлеп құтылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Иманов көшесінің бойында көлік апатын жасап, 4 баланы қағып кеткен «Lexus» джибінің жүргізушісі 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алуы ықтимал. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Астана ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, төрт баланың бірі өте ауыр халде ауруханаға түскен еді, апат салдарынан оның көк бауыры мен бір бүйрегін дәрігерлер алып тастауға мәжбүр болған.

«Қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 345-бабы бойынша сот алдындағы тергеу әлі жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған бабтың санкциясында айыптыға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді ІІД-нің ресми өкілі Софья Қылышбекова.

Қазіргі уақытта жүргізушіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынған.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қыркүйекте Иманов пен Асан Қайғы көшелерінің қиылысында жол апатынан төрт бала зардап шеккен болатын. Асан Қайғы көшесімен келе жатқан «Lexus» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі Иманов көшесінің қиылысында «Мерседес» көлігіне жол берместен өтуге ұмтылып, соқтығысқан болатын.

Көлік соқтығысынан «Lexus» жүргізушісі рульді бұрып, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерді басып, жол бойында тұрған «Лада» көлігін де түйіп өткен. Бұдан соң, «Lexus» көлігі соққының қаттылығынан «ZAZ» маркалы көлікке қарай аударылып, ол болса серпінмен тағы бір «Митцубиси» маркалы көлікті соққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші төрт бала зардап шекті. Атап айтқанда, 2002, 2005 және 2007 жылдары туған төрт бала әртүрлі дене жарақатымен ауруханаларға жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар